Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасы Филиппинде финалға шықты

Филиппин астанасы Манила қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан «AVC шақыру кубогі» турнирінде Қазақстан құрамасы финалға жолдама алды.

Бұрымдыларымыз жартылай финалда алаң иелері Филиппин командасымен сынға түсіп, оларды 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал екінші жартылай финалда Вьетнам командасы Аустралияны жолдан тайдырды. Осылайша, Қазақстан мен Вьетнам қыздары соңғы бәсекеде «Сегіздік финалына» берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салатын болады. Айта кетейік топтық бәсекеде қазақстандықтар Вьетнам қыздарына 1:3 есебімен есе жіберген болатын. Енді Ришат Гилязутдинов шәкірттерінің қарымта қайтаратындай мүмкіндігі бар.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады. Жерлесіміз турнирдің алғашқы айналымында әлемдік рейтингте 85-ші орында тұрған бельгиялық Гретье Минненмен шеберлік байқасқан болатын. Осыған дейін олар өзара екі рет кездесіп, екеуінде де Рыбакина жеңген еді. Осы жолы да жерлесіміз қарсыласын қапы қалдырды. Есеп 6 да 2, 6 да 3. Бір сағат 13 минутқа созылған бәсеке барысында Отандық спортшы 5 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды. Миннен 3 эйс, 3 брейкпен ғана шектелді. Еленаның ендігі қарсыласы әлемнің 50-ракеткасы, нидерландтық Аранча Рус.

Ал Қазақстанның екінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева өзінен төрт саты жоғары тұрған америкалық Слоан Стивенстен айласын асырды. Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның төртеуінде жерлесіміз жеңген еді. Бірақ өткен жылы дәл осы Франция ашық чемпионатының үшінші айналымында Юлия Стивенстен ары аса алмаған болатын. Ал бұл жолы бұрымды қызымыз қарсыласына мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен ұтты. Есеп 6 да 1, 6 да 2. Отандасымыздың ендігі қарсыласы испаниялық Паула Бадоса.

Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінің екінші жарыс күнінде жерлесіміз Мұхамедсабыр Базарбайұлы қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Жерлесіміз 1/16 финалда түркиялық Мизан Айколмен шеберлік байқасты. Жекпе-жек барысында Мұхамедсабыр жақсы ойын өрнегін көрсетті. Аяқта тік тұрмай қарсыласына көп соққы жұмсады. Нәтижесінде төрешілердің бір ауыз шешімімен қарсыласын қапы қалдырды. Екі кезеңнен сүрінбей өткен жерлесіміз енді Италиялық боксшымен ширек финалдық жолдамаға таласады.

Мұхамедсабыр Базарбайұлы, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Ал әйелдер арасында 54 келіде сынға түскен Ұлжан Сәрсенбек АҚШ спортшысынан айласын асыра алмады. Қазақстандық боксшы АҚШтың 11 дүркін чемпионы атанған тәжірибелі боксшы Шэра Мэй Патрициомен шаршы алаңға шыққан еді. Жекпе-жек барысында қос қарсылас тартысты бәсеке өткізді. Бір-біріне соққы жұмсап, ұпай қорын молайтуға тырысты. Төрешілер шешімімен жеңіс америкалық боксшыға берілді. Айта кетейік, Ұлжан Сәрсенбек жастар арасында әлем және Азия чемпионы.

Ұлжан Сәрсенбек, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі

39 жастағы Криштиану Роналду тағы бір рекордты ауыздықтады. Португалиялық футболшы Сауд Арабия тарихында бір маусымда 35 гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Оған дейін марокколық Абдерразак Хамдалла  2019-шы жылы 34 гол соққан екен. Сауд Арабия біріншілігінің соңғы турында Аль Наср аль Иттихадты қабылдаған болатын. Чемпиондық атақты күнерте Аль Хиляль иемденіп қойған. Соған қарамастан Роналду барын салып ойнады. Үзіліске санаулы секунттар қалғанда Криштиану есеп ашса, екінші таймда бұрыштан келген допқа бұрын секіріп дубль жасады. Роналду алаңнан кеткеннен соң қарсыластар алма кезек гол соқты. Кездесудің қорытынды нәтижесі 4;2 Аль Наср биылғы маусымда күміс жүлдені қанағат тұтты.