Алматыда өрт сөндірушілердің оқу-жаттығуы өтті

Соңғы екі тәулікте Алматыда күн ысып, ауа температурасы 30 градустан жоғарылады.

Мұндай кезде өрт шығу қаупі артады. Бүгін Бұтақты шатқалында республикалық «Алау - 2024» оқу-жаттығу өтті. Мамандар таулы-орманды жерлерде өрт сөндіруге машықтанып, техниканың дайындығын тексерді.

Алмас Садуақас, тілші:

- Бұтақты шатқалындағы қураған бұтақтан өрт шығып, түтін лезде биікке тарады. Мұндайда жел екпінін қадағалау керек. Жалпы былтыр Алматы тауларында 300-ден астам жану оқиғасы тіркелген.

Таудың жартасты, биік жерінде өрт шықса оған жаяу адам бара алмайды. Қылқанжапырақты ағаштар мен бұталардың арасымен дереу жету мүмкін емес. Сондықтан Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің орманшылары аттың көмегіне жүгінеді. Су бүркегіш пен қосымша құралдарды қолданып өрт аумағын оқшаулап, сөндіреді.

Дархан Исабеков, Іле Алатауы МҰТП бас директорының орынбасары:

- Паркте 320 адам қызмет атқарады. Осы «Медеу» филиалының өзінде 33 адам арнайы орманшыларымыз бар. Сол 33 адамның барлығы атпен қамтамасыз етілген. Таулы жағдайда өрт болған жағдайда аттың тиімділігі өте жоғары бұл жерде».

Былтыр парктің «Медеу» бөлімшесінде үш рет өрт болды. 2 гектар орманға қауіп төнді. Бірақ барлығында тілсіз жау уақытылы сөндірілді. Оқу-жаттығу апатқа дайын тұрудың кепілі. Сондықтан орманды қорғауда осындай  профилактикалық іс-шараларды жиі өткізу маңызды, дейді мамандар. Жалпы іс-шараға 200-ден астам адам қатысып, 40 арнайы техника жұмылдырылды.

Тілеуберді Мәдиев, қалалық өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Біздің қызметкерлер өзімен алып жүретін құрал сайманы. Ол айтқанда қолданатын су сепкіш. Сонымен қатар қол құралдарымен ұтымды пайдалану үшін жүргізіледі. Орман ішіндегі қауіпсіздікті бұзғаны үшін 100 АЕК айыппұл қарастырылған. 

Табиғи парктың жалпы аумығы 200 мың гектар. Соның 70 мың гектары орман. Қазір тауға демалуға баратындар көп. Бірақ өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейтіндер де аз емес. Былтыр парк аумағында рұқсат етілмеген орындарда от жаққан 49 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 10 млн теңгеге жуық айппұл салынды.

А. Садуақас, М.Құдықбаев