ТүркПА елдерінде еңбек көш-қоны жеңілдейді
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясына мүше мемлекеттер арасында еңбек көші-қоны жеңілдетілуі мүмкін.
Ұйымға мүше мемлекеттердің депутаттары Анкарада бас қосып, білім, мәдениет, әлеуметтік-гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияның 11-ші отырысын өткізді. Жиында иммигранттардың еңбек жағдайын жақсарту үшін ұлттық заңнаманы жақындату талқыланды. Визалық режимді жеңілдету мен иммигранттардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де қозғалды. 2008 жылы құрылған Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясына Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия мүше.
Ұлан Бакасов, Қырғыз Республикасы жоғарғы кеңесінің депутаты:
- Бүгінгі 11-ші отырыста талқыланған «ТүркПА-ға мүше елдер арасындағы еңбек көші-қонының шарттарын жеңілдету» мәселесі өте маңызды. Себебі, түркі әлеміндегі көші-қон процестері аймақтағы әр елдің мәдениетіне, тіліне, экономикасына, саясатына айтарлықтай әсер етеді. Оның ағымы ортақ мәдени кеңістіктің қалыптасуына, ұлттар арасындағы қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді.
Тахир Акюрек, Түркия парламентінің депутаты:
- Біз әртүрлі мәдени тәжірибені бойына сіңірген халықтардың ұрпақтары ретінде, еңбек көші-қонының бұл құбылысын мәдени алмасу мен бір-бірімізді жақсы түсінудің құралына айналдыруымыз қажет. Оның кері салдарын болдырмауға күш салуымыз керек.