Қымыз қандай болуы керек?
Қымызды кім ішпейді....
Алайда бие сүтін құр сіміре алмайсыз. Оған да денсаулық керек.
Ал сүт ағзасына жақпайтын немесе бүйрегі ауыратын адам саумалдан аулақ жүргені жөн. Тағы кімдерге қымыз ішуге болмайды?
Қазақ құмартып ішетін сусын – қымыз. Қазір ауылдағы ағайын бие байлап, қымыз сатуды кәсіпке айналдырды. Қолы жетсе, қаладағы қазақ та күнде ішуге бейіл. Дегенмен, қымызға келгенде денсаулыққа да қарау керек. Мәселен, бүйрегінде кінәраты бар жанға саумал ішуге болмайды дейді дәрігерлер.
Бақытжан Биімбетов, медицина ғылымдарының докторы:
- Қымызға келетін болсақ, оның ерекшеліктері бар. Мысалға айтсақ, оның ішінде спирт болғандықтан, бауыр ауруларында ішуге болмайды. Және де асқазан асты безінің, ұйқы безінің ауруларында болмайды. Әртүрлі асқазанның, ішектің жараларында болмайды.
Әйтсе де, қымыздың түрлі дертке дауа екені дәлелденген. 80-ші жылдары дәрігерлер қымызды емге көптеп пайдаланды. Алайда бұл фармацевтикаға үлкен соққы болды дейді ғалымдар. Осылайша, қымызбен емдеуді доғару туралы шешім қабылданған.
Айтуған Мұқашев, кәсіпкер:
- Ғылыми жұмыстарыма іздеп жүргенде архивтен бір материал алып шықтым, қымызбен емдеуді тоқтату деген. Себептері не дегенде, арт жағына себебін көрсеткен. Бірінші, жылқы малын ұстаған совхоздар тез байып кеткен. Себебі, ол басқа малмен салыстырғанда экономикалық тиімді. Екіншіден, қымызды эксперимент жасап көргенде, жаз бойы қымыз ішкен адам қыстыгүні ауырмаған. Ауырмағаннан кейін ешқандай антибиотиктер, тұмауға қарсы дәрілер дәріханада өтпеген. Сол кезде фармацевтика деген үлкен бизнес дамып жатқан. Сол бизнеске кедергі болады деп, қымызбен емдеуді түбегейлі емдеу процесінен алып тастаған.
Бақытжан Биімбетов, медицина ғылымдарының докторы:
- Саумал мен қымызды көп ішетін болса, үнемі күнделікті ішетін болса, ол адам ауырмайды. Ал ауырмаса, ол дәрі-дәрмекті тұтынбайды. Дәрі-дәрмекті тұтынбаса, ол сатылмайды, азаяды деген сөз ғой. Азайса, ол компаниялардың қалтасынан ұрады.
Биенің сүтін кішкентай нәресте де ашырқанбай ішеді. Ал биенің сүті күбіге құйылса, саумалға айналады. Саумалдан соң күбіні көптеу піссеңіз, аз уақытта құнан, одан бесті қымызға айналып шыға келеді. Ал қымызды балабақша мен мектепте балаларға беру керек. Мұны ғалым Бақытжан Биімбетов айтып отыр. Профессор медициналық оқу бағдарламасында да қымыз тақырыбы қаралмағанына қынжылады.
Бақытжан Биімбетов, медицина ғылымдарының докторы:
- Саумалдың үстіне қосымша, арнайы емді, арнайы дәрілерді қосатын болсақ, онда нәтиже бір жарым, екі есе көбейеді. Соны дәрігерлер көп жағдайда біле бермейді. Себебі, бұл оқу процестерінде, оқу жоспарында жоқ. Саумалдың қасиетін зерттеу, оны пайдалану, қымыздың әлеуетін зерттеу, оқу программаларында жоқ.
Дертке дауа, бойға қуат беретін бал қымыз – дастарқанның сәні. Қолымда тұрса, күнде ішер едім дейтін қалалықтар көп. Алайда әркім көрпесіне қарай көсіледі.
Қазір қымыздың саудасы қызды. Ауылдан қалаға қымыз тиеген көліктер ағылып жатыр.
Айтуған Мұқашев, кәсіпкер:
- Көп жерде қазір өлген қымыз ішеді. Қалай дейсіз ғой? Себебі, қымыз ашу үшін, бұл тірі организм, оған демалу керек. Ал біз ащы қымызды әкелеміз де, үстіне бір-екі кесе саумал құйып, араластырып, пластмас ыдыста немесе шірімейтін ыдыста жасай саламыз. Оған қымыз өз бабында аши алмайды. Ал қымыз әдемі, өз бабында ашуы үшін не тері ыдыс, не ағаш ыдыста жасауымыз керек. Себебі тері мен ағаштан қымыз демалады. Демалған кезде ғана бабына келеді. Сіздер Моңғолияға шығыңыздаршы жаздыкүні. Моңғолияға барып қымыз ішсеңіз, Моңғолиядағы табиғи нәрсесін көресіз. Неге? Ол жақта бәрі қымызды тері ыдыста, баяғы біздің сабада жасайды.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ақылбек Есімсейітов, Ғалымжан Абдылахат