Көне тарих көмбесі

Қызылордада 1905 жылы салынған музейде ғасыр куәгері іспеттес жәдігер көп.

Мұражайға бас сұқсаңыз, ел астанасының Орынбордан Ақмешіт қаласына көшірілген кезеңге еніп кетесіз. Сонымен қатар Алаш қайраткерлері қалыптастырған саяси-мәдени ортаға саяхаттап, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргеновтердің халық ағарту ісін қалай бастағанын біліп шығасыз.

20-ғасырдың басында салынған музейде Қамысқала, кейін бекініс ретінде қаланған шағын шаһардың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін жазбалар сақтаулы. Қазақ ғалымдары, инженер және ағартушы-қаламгерлерінің алғашқы еңбектері қаттаулы тұр.

Гүлзира Әубәкір, «Ақмешіт» музейінің ғылыми қызметкері:

- Қазақстандағы тұңғыш инженер деп Мұхамеджан Тынышбаев пен Аспандияр Кеншинді айтуға болады. Қарап тұрсаңыздар Қызылорда қаласының бас жоспарының авторлары осы екі кісі. Астана кезеңінде Орынбордан Қызылордаға 20 мекеме көшіріп алып келінді. Мынау Қызылорданы қақ жарып жатқан Сарқырама каналы осы кісілерден қалған көз деп айтсақ болады. 

Музейге келушілерді сондай-ақ 123 жыл бойы жүріп тұрған сағат қызықтырады. «Le Roi a Paris», яғни «Париж патшасы» деген брендпен 1901 жылы ағаштан ойып жасалған қабырға сағат ерекше шеберлікпен құрастырылған. Жалпы «Ақмешіт» мұражайында 2000-ға тарта экспонат сақтаулы.

Гүлзира Әубәкір, «Ақмешіт» музейінің ғылыми қызметкері:

- Музейдегі ең құнды жәдігердің бірі - мына камераны айтуға болады. Бұл камераның тарихын зерттей келе 1929-39 жылға дейінгі аралықта Мәскеуде фотоаппарат шығаратын өндірістік зауытта 130 мың дана шығарылған. Соның музейдегі жәдігеріміз 1939 жылы шығарылған.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Музейдегі сыры кетсе де сыны кетпеген көне жәдігердің бірі – осы фортопиано. Сүліктей қара музыкалық аспап бамбук ағашынан, ал пернелері піл сүйегінен жасалған. Сонау 19 ғасырда Германияда құрастырылған пианино әлі де сайрап тұр.

Сыр еліндегі барлық музейдің жалпы қоры 158 мың экспонатқа жуықтайды. Қазір соның 7 мыңдайы цифрлық форматқа көшіріліп, виртуалды саяхат жасауға болады. Зергерлік әшекей бұйымдар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар коллекциясы, нумизматикалық, археологиялық сияқты құнды жәдігерлермен сенсорлық моноблок арқылы еркін танысуға мүмкіндік жасалған.

Жанар Ахметова, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары:

- Экспонаттардың санын, тізімін бір орталықтандыру. Зерттеуге, жинақтауға жалпы экспонаттардың жүйелілігін, бір ортасын табу, халыққа қолжетімді ету. «Қызылорда музей» деген сайтқа кірсе музей залдары бойынша шолу жасауға болады.

Биыл өңірде Руханият жылы деп жарияланғанын ескерсек, соның аясында мәдени тегімізді танытатын төл мұралар мен шашауы шықпай жеткен жауҺар жәдігерлерді сақтайтын жаңа музей құрылысы басталмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев