Түркістан облысында «Музей түні – 2024» акциясы өтті
«Халықаралық музейлер күні» мерекесіне орай Түркістан облысында «Музей түні – 2024» акциясы өтті.
«Отырар – тарих кеніші» тақырыбында өрбіген тарихи-танымдық кешті «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» ұйымдастырды. Мәдени шара барысында Отырар өңірінен табылған көне жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды. Ескі бұйымдарды қалпына келтіру, ұмыт бола бастаған дүниелерді қайта жаңғырту жұмыстары көрсетілді.
Тарихи-танымдық кеш барысында жиналғандарға музей қорындағы құнды жәдігерлер таныстырылды. Одан соң орта ғасырлардағы ағаш шеберлері мен темір ұсталарының тынымсыз тіршілігі көрсетілді. 18-19 ғасырлардағы халқымыздың өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі қайта жаңғыртылды. Ұлттық нақышта киінген музей қызметкерлері келі түю, диірмен тарту, күбі пісіп, қамыр жаю сияқты асханалық көріністерді ұсынды.
Мира Ахмет, музейдің ғылыми қызметкері:
- Кішкентай қол келі деп аталады. Бидайды осыған салып, түйеміз. Осыдан ұн шығарып, нан жасаған. Қазіргі жастарымыз біле бермейді, соны насихаттау мақсатында көне дәстүрді жаңғыртып жатырмыз.
Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде Отырар қаласының орнынан табылған көне жәдігерлер мен әшекей бұйымдар, алтын, күміс тиындар мен қыш ыдыстар көпшілік назарына ұсынылды. Сыры кетсе де сыны кетпеген құмыралар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Розабике Файзуллаева, Отырар ауданының тұрғыны:
- Музейде Отырардан табылған бұрынғы заттардың барлығын көріп жатырмыз. Өте қызықты, өте керемет болып жатыр. Қаншама жылдан бері сақталып келе жатқан құмыралар әлі күнге дейін тұр екен осы жерде. Бірақ сынған, кеткен жерлері бар, бірақ соның бәрі маған қызық болып тұр.
Музейдің экспозиция залында қолөнер шеберлері жүнді өңдеп, жіп иіру тәсілдерінен шеберлік сабағын өткізді. «15-16 ғасырларда Отырар өңірінде қолөнерден бөлек, тоқыма өнері жақсы дамыған. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған кілем тоқу құралдары мен музей қорына тұрғындар өткізген көне кілемдер мен төсеніштер куә», - дейді мамандар. Қазір музей қызметкерлері кілем тоқу өнерін қайта жаңғыртуда.
Үрзия Жұмабайқызы, музейдің ғылыми қызметкері:
- Қойдың жүнін пайдалану арқылы бұрынғы кезде біздің апаларымыз өздері қолдан жасап, үйге тұтынатын кілемдер тоқыған. 2-3 кілемді 1 ай көлемінде тоқып, бітіріледі. Түкіт кілем деп аталады. Жиегіне қошқар мүйіден салынған және мынау шатыр гүл деп аталады. Ою-өрнектер, бұның қалыңдыңы 1 см болады. Жылы әрі төзімді болады.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 1982 жылы ашылған. Мұражайдың негізін «музей адам атанған», тарихшы-ұстаз Асантай Әлімұлы қалаған. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап, халқымыздың мол мәдени мұрасын жинақтаған. Тапқан дүниелерін ғылыми жүйелеп, келер ұрпақтың игілігіне айналдырды. Қазір өлкетанушының ізін ұлы жалғастырып жүр.
Марен Әлімұлы, суретші, өлкетанушы: - Жер-жерді аралап, өзінің айлығына дейін жаратып, бір жерде бір зат бар десе, соны алып келіп осы жерге жинақтады. Біз енді соны ары қарай жалғастырып жатырмыз. Ең бірінші ашқанда 600-дей болған бүтін заттары, сынық затты әкем есепке алмаған. Кейін сынықтарын да есепке алып, қазір бәленбай мың зат жиналған ғой. Қор сақтау бөлімінде астында 10 бөлме бар, сол жерде сақтаулы тұр.
Бүгінгі күні Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында 25 мың жәдігер бар. Оның ішінде көне кітаптар мен алтын әшекей бұйымдар, тиындар, құмыралар мен темір сауыттар және қару-жарақ түрлері ең құнды дүниелердің қатарына кіреді. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындардың өткізген бұйымдары да бар. Қазір музей жұмысы біртіндеп сандық жүйеге көшіріліп жатыр.
Айбек Жандосов, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің» директоры:
- Музейдің қорын электронды жүйеге өткізсек, 1 ай бұрын бізде электронды сайт ашылды. Сол сайтқа музейдегі 25 мың жәдігер туралы ақпарат пен фотоларын қойсақ, жариялап жүрсек. Адамдар тек қана келіп емес, шетелдегі, басқа қалалардағы адамдар сайттан көрер еді. Кез келген адамның сұрағына жауап беруге дайынбыз.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізгі міндеті - осы өңірден табылған тарихи жәдігерлерді жинап, қалпына келтіру. Мұндағы Арыстан баб, Сапар орталығы, Отырар қалашығы сияқты тарихи орындар да музейдің құрамына кіреді. Өткен жылы осы 4 нысанға 400 мыңға жуық турист келіпті. Айта кетейік, «Музей түні» акциясы аясында тұрғындардың қатысуымен ләңгі тебу, қошқар көтеру, қол күресі, гір тасын көтеру және қымызмұрындық сияқты ұлттық ойындар ұлықталып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш