Мердігерлер жол сапасына жеті жыл бойы жауапты болады
Шымкентте жолға жауапты бірқатар лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды.
Өйткені 48 көшенің құрылыс жұмыстарына қадағалау болмаған.
Соның салдарынан жауапты мердігерлер жұмысты әлі бастамапты. Есесіне жол азабын тартқан жүргізушілерден шағым көбейіп барады. Бұл туралы прокуратура өкілдері мәлімдеді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Сайрам тұрғын алабын қала орталығымен байланыстыратын негізгі жол осы. Керім Тіленшин атындағы көшенің ұзындығы 3 шақырымнан асады. Тексеріс кезіндегі кемшіліктер мен ақаудың дені осы асфальт жабындысынан анықталды.
Жол жыры жергілікті жұртты әлекке салды. Төзімі таусылғандар өз күшімен шұңырларды қиыршық таспен жамап-жасқаған. Бірақ бұл көлік кептелісінен арылуға септігін тигізбеген. Ауаға көтерілген шаң-тозаң көз аштырар емес.
БЛИЦ:
- Екі рет көрдім осы жолды. Жаңбыр жауғасын, машиналар өткесін бәрін шығарып тастады. Ертең көресің. Мына жерде бір шаң көтерілгенде отыра алмайсың. Есікті жауып отырамын.
- Жолдан шаршадық. Айта беріп те шаршадық. Төгіліп жатыр машинаның бәрі. Сынып жатыр бәрі. Шаферлар да қиналып кетті.
- Қазір кішкене дұрысталып келе жатыр жолдың бәрі шет жақ болмаса. Бұрындары қазып қойып, айлап жататын еді. Қазір қазып, артынша асфальт төсеп кетіп жатыр. Оған өзімнің көзім жетті.
Қаратау ауданында 48 көшенің жол жабындысы бүлінген. Бұны тексеріс жүргізген прокурорлар анықтады. Жалпы асфальтты күтіп ұстауға әуел бастан қала бюджетінен 84 миллион теңге бөлінген. Бірақ әкімдік өкілдері конкурс өткізіп, мердігер таңдағанымен тіисті қадағалау жүргізбеген. Енді оларға айыппұл салынып, кемшіліктерді 1 айда қалпына келтіру жөнінде нұсқау берілді.
Тимур Әжіханов, Қаратау ауданы прокуратурасының аға прокуроры:
- Құртылған жолдардың жаңартылуы бойынша ақшалар бөлінген. Алайда Жібек жолы бойында, Бәйдібек би жолдары бойында және де қала аумағына кіретін-шығатын жолдарда ауыр жүк көліктері жүретіндіктен жолдар құртылған. Осы бойынша Қаратау ауданы әкімінің орынбасары жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының орынбасары әкімшілік жауапкерлікке тартылды.
Биыл қалада 159 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Оған 19 миллиардтан астам теңге бөлінді. Егер қаржы ойдағыдай игерілсе, онда сапалы жолдың үлесі 75%-ке жетеді.
Нұрбол Ілесов, қалалық жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бөлім басшысы:
- Негізгі жөндеу жұмыстары осы мамыр айынан бастау алды. Өздеріңіз білесіздер наурыз, сәуір айларында ауа-райы қолайсыз болуына байланысты тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізе алмадық. Енді осы мамыр айынан бастап бізде толыққанды жұмыс көлеміне көшіп отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта бізде олардың жұмыс қарқыны, белсенділігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес бақыланып отырады.
Биылдан бастап мердігерлердің кепіл мерзімі ұзартылған. Яғни күрделі жөндеу жүргізгендер бұрынғыдай 5 жыл емес, 7 жыл бойы құрылысқа жауапты болады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов