Қымыз ішсе көлік жүргізуге бола ма?
Жол демекші, көлік жүргізушілердің де назы бар.
Қазір далада да, қалада да қымыз мол. Бие байлаған ағайын «уыз қымызымен» сауданы қыздырып жатыр.
Алайда осы қымыз ішіп алып, көлік жүргізуге бола ма? Көпшіліктің көкейінде жүрген көп сұрақтың бірі осы.
Қолы жеткен қазақтың дастарқанынан жазда қымыз үзілмейді. Қонағын да қымызбен сыйлайды. Алайда, келген қонақ қайтарда рульге отыруға бола ма деп ойланатыны да рас. Өйткені, қымыздан кейін куәлігімен қош айтысқандар туралы кейде естіп жатамыз.
БЛИЦ
- Қымыз ішіп, рульге отырып көрдіңіз бе?
- Жоқ, рульге отырып көрген жоқпын. Болмайтын шығар, тоже одан да көрсетеді ғой. Да, перегар шығады. Какой то промиллесі бар ғой.
- Жоқ, отырып көрген жоқпын. Өйтіп рисковайт еткім де келмейді негізі. Перегар шығад дейді одан да қымыздан.
- Жоқ мен көрдім инстаграмнан қымыз ішіп, типа ұсталып қалған
- Қымыз ішіп, рульде ұсталынғандарды правасынан лишат ету дұрыс емес негізі. Спиртной емес қой, қазақтың ұлттық несі, дәмді сусыны.
- Ол біздің ұлттық тағам ғой. Алкогольге жатпайды ғой.
Алайда тәртіп сақшылары бұл пікірмен келіспейді. Себебі адам неден масайса да заңның аты заң. Сондықтан тіпті қымызға да кешіріммен қарай алмаймыз дейді олар.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Қалай ішкен, не ішкен жағдайда егер де полиция қызметкерінде жүргізушінің масаюға күдігі, масайып тұр деген күдігі болатын болса, міндетті түрде наркологияға, нарколог врачтың сараптамасынан өтуге алып барады. Ол жерде маңызды емес, не ішті, қалай ішті, не жеді деген сияқты.
Наркологтар алдына келген күдіктіні арнайы сараптамадан өткізеді. Қимыл-қозғалысын, сөйлеу мәнерін қарайды. Күдікті бұл жерде мас емесін дәлелдеуіне де болады. Ал кейде қан мен зәр сынамаларын алады.
Нәби Есімов, ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары:
- Ашыту негізінде жасалған сүт өнімдері, олар бәрі, құрамында алкоголі бар. Нақты оның продукциялық қасиеттері әртүрлі. Және оны әркім әрқалай дайындайды. Сол себептен нақты пайыздық мөлшерін алкогольдің, спирттің нақты пайыздық мөлшерін біз айта алмаймыз. Бірақ оның құрамын алкоголь бар. Адам қымыз ішсе, және кем дегенде бір тәулік уақыт өтіп кетуі керек. Сол уақыт өтпей рульге отырмауы керек.
Иә, дәрігерлер қымыздан соң көлік жүргізбеуге кеңес береді. Өйткені, әр адамның зат алмасу, ас қорыту мүмкіндігі әртүрлі. Біреудің ішкені тез тараса, тағы біреудікі бірнеше сағат сіңбейді. Сондай-ақ қатар, жолға шығарда көп ішпеген дұрыс дейді мамандар. Ұзын жолда сары қымыз ұйқыны келтіріп, масайтуы мүмкін.
Нұрқанат Қанапия, Ғалымжан Абдылахат, Мерей Талап