Ақтөбе облысында құрылысы аяқталмаған нысандар көбейді
Ақтөбе облысында 13 әлеуметтік нысанның құрылысы тұралап қалды.
Оның ішінде іргетасы 7 жыл бұрын қаланып, әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген ғимарат та бар. Мәселе қашан шешімін табады?
Хромтау ауданындағы бұл спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталған. Артынша коронавирус пандемиясының кесірінен жұмыс тоқтап қалды. Одан әрі мердігер құрылыс материалдарының қымбаттауын сылтауратып жобаны аяқсыз қалдырып кетті. Бастапқыда шамамен 1 миллиард теңгеге бағаланған нысан кейін 1 млрд 700 млн теңгеге дейін бір-ақ көтерілді.
Аслан Жарасбаев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Хромтау ауданындағы спорт кешені осыған дейін проблемалық объект есебінде тұрды. Бірақ одан кейін кешегіде жобаға түзету жұмыстарын жасап, жұмысы қайта жанданды. Биылғы жылы жылдың аяғына дейін аяқталатын болады.
Ал Ақтөбе іргесіндегі Шилісай ауылындағы мектептің салынып жатқанына 7 жыл өтті. 100-ге жуық үй түтін түтетіп отырған елді мекеннің оқушылары облыс орталығы мен көрші ауылдарға қатынап оқиды.
Мира Бұсырманова, Шилісай ауылының тұрғыны:
- Садовыйға қатынайды, Пригородқа қатынайды балалар. Садовыйда 9 жылдық мектеп, Пригородтікі 11 жылдық мектеп. Сол жаққа автобуспен барады, автобуспен қайтады балалар. Жылда күтеміз мектептің ашылуын. Былтыр да уәде еткен мектеп ашылады деп. Бірақ болмай қалды. Енді биыл ашылады деген үміттеміз.
680 оқушыға шақталған ғимараттың құрылысы да қажетті материалдардың қымбаттауынан тоқтап қалды. Салдарынан бірнеше жыл қаңырап, қараусыз қалған нысанның қасбеті бүлініп, қайта жөндеуді талап етеді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Желтоқсанда құрылысы қайта жанданған нысанның қазір едені төселіп, қабырғалары әктеліп жатыр. Ішкі жұмыстары шамамен бір ай көлемінде тәмәм болуы тиіс. Одан кейін құрылысшылар мектептің ауласын абаттандыруға кіріседі.
Жергілікті билік өкілдері «сақалды» құрылыс тізіміндегі 13 ғимараттың 11-і биылдан қалмай қолданысқа беріледі, дейді. Білім ордалары жаңа оқу жылына дейін дайын болуы тиіс. Қалған екеуі 2025 жылы жүзеге асырылады. Жалпы өңірдегі әлеуметтік нысандардың құрылысына биыл бюджеттен 65 млрд теңге бөлініп отыр.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов