Тура мағынасында «қолын жылы суға малып отырған» шаруа

Тура мағынасында «қолын жылы суға малып отырған» шаруа

Арыс қаласына қарасты Сырдария елді мекенінің тұрғыны жер астынан шыққан жылы судың игілігін көріп отыр. 

Шаруа 1 гектардан астам алқапқа жеміс ағашын егіп, жылы сумен суарады. Одан бөлек, бірнеше тоған қазып, балық өсіруді қолға алған. 

Сырдария елді мекенінің тұрғыны Өмірзақ Омарханов осы жерде туып-өскен. Мал шаруашылығымен айналысады. Осыдан 5 жыл бұрын тек малмен отырмай, бау шаруашылығын дамытуды қолға алған. Мемлекет субсидиямен құдық қазып беріпті. Алайда жер астынан жылы су шыққан. Ауыл тұрғыны алғашында абдырап қалғанын айтады.

Өмірзақ Омарханов, шаруа:

- Қалай бұл 364 метрден жылы су шықты деп таңқалып, бауды суарып көрдік. Нәтижесінде талымыз жақсы жайқалып, көгерді. Бұл жерде қазір 1,5 гектардай жобасына мың түп алма ағашын ектік. 3 түрлі сорт. Бес жұлдыз, Превосход, Симиренко. Биыл 5 жыл, нышанын көрсетіп жатыр. Биылдан бастап салады деп ойлап отырмыз.

Шаруа жылы су жеміс ағашына жаққанын айтады. Алайда ішуге жарамдылығын білу үшін Шымкенттегі зертхана апарып, тексерткен. Ондағы мамандар тіршілік нәрінің адам азғасына еш зияны жоқ екенін айтқан соң, ойлана келе тоған қазып, балық өсіруге шешім қабылдапты. Былтыр күзде Шардарадағы балық зауытынан сазанның мыңға жуық шабағын әкеліп, тоғандағы жылы суға жіберген.

Қыстағы қатты аязда басқа көлдің барлығының бетіне мұз қатқанда бұл су қатпайды. Беті буланып жатады екен. Мамандар судың температурасы салқындаған кезде балықтар азық іздемей, ұйқыға кететінін айтады. Ал мына тоғанда су жылы болғандықтан балықтың өсу процесі тоқтамайды.

Қазір тоғандағы балықтың алды 2 келіге дейін салмақ қосқан. Енді 2 айдан соң сатылымға шығады. Ауыл тұрғыны жақында тағы екен тоған қазып, біреуіне сазанның 6 мың шабағын жібергенін айтады.

Өмірзақ Омарханов, шаруа:

- Судың өзі жеңіл, өсу көрсеткіші жақсы. Келешекте алға қойған мақсат – судың жылылығын пайдаланып, биыл күзде Шардарадан 10-15 мың шабақ алып, осы суға салып, қыс бойы өсіріп, көктемде наурыз айында шабақтарды осы тоғанға саламыз. Арғы жағынан тағы бір жерімізді қоршап дайындап қойдық. Осыны үлкейтсек пе деп, қазіргі қарқынымыз жылына 30 тоннаны жоспарлап отырмыз.

Шаруа жер астынан шығып жатқан тегін суды тиімді пайдалану үшін енді 10 гектарға жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Ол үшін жаңбырлатып суару техникасында сатып әкеліп қойғанын айтады. Жалпы Арыс қаласы аумағында балық өсірумен айналысатын 9 су айдыны мен 10-нан аса тоғанды шаруашылық бар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, «24.KZ», Түркістан облысы