Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендерге 500 үй салынады

Петропавл қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 500 үй салынады.

Олардың құрылысына «Қазақстан халқына» қоры мен еліміздің ірі компаниялары қаражат бөлді. Енді жұмыс барысын кім қадағалайды? Алғашқы қоныс тойы қашан тойланады?

Қала шетіндегі ықшам аудандағы алғашқы үйлердің қазығы сәуірдің аяғанда қағылды. Қазір кейбіреуінің құрылысы 90 пайызға аяқталып қалған. Мамандар ішкі әрлеу жұмыстарын істеп жатыр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл баспаналардың барлығы да бірдей болады. Әрқайсы 80 шаршы метрден. Қазір кейбір үйлердің қабырғасы қаланып, терезелері орнатылып, шатыры жабылған. 

Алғашқы 200 үйдің құрылысына «Қазақстан халқына» қоры 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. Оларды 1 мың 200 адам салып жатыр. Құрылыс барысы техникалық қадағалау мамандарының жіті назарында. 

Леонид Зацепа, техникалық қадағалау компаниясының директоры:

- 100 үйдің құрылысын 10 маман тексереді. Олар таңертеңнен кешке дейін осында жүреді. Бір де бір жұмыс қадағалаусыз қалмайды. 

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер дайын күйінде қолданысқа беріледі. 10 соттық жер қоршалып, толық абаттандырылады. Бірінші баспаналар маусымның соңында тапсырылады. 

Майгүл Елемесова, құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

 - Бірінші лектің, яғни 100 үйдің құрылысы сәуірдің 24 басталды. Қазіргі таңда ол жердегі жұмыстар 70 пайызға аяқталды. Ал екінші 100 үйдің құрылыс жұмыстары мамырдың 8-і басталды. Ол жерде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялардың саны 12. 

Қазір облыс бойынша бүлінген мүлікті бағалау және техникалық сараптама жұмыстары аяқталып, алғашқы қорытындылар шықты. Әзірге 508 үй тұруға жарамыз деп танылды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков