«Саламатты Қазақстан» пойызы Шетпеге аялдады
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Маңғыстау облысында жүр.
Бұл жолы Шетпе станциясында екі тәулікке аялдап, тұрғындарға тегін дәрігерлік қызмет көрсетеді. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен биыл жобаға кәсіби медиаторлар қосылды. Олар халықты толғандырған мәселелердің заң жүзінде шешілуіне көмектеседі.
Нұрболат Жұмағалиев «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына жыл сайын қаралады. Сол әдетінен жаңылмай Шетпе станциясына ерте келген. Әуелі кардиологқа жазылып жүрегін тексертті.
Нұрболат Жұмағалиев, Шетпе ауылының тұрғыны:
- Жүрегімді қарады, бәрі де жақсы. Осындай вагон жиі келіп тұрса, алты айда бір рет келіп тұрса жақсы болар еді. Халыққа жақсы көмек болады деп ойлаймын өзім. Осы жерге келіп қаралғаны дұрыс, осы жерде барлығы да бар екен.
Арнайы пойызда 40 медицина қызметкері бар. Шетпеліктер негізінен хирург, невропатолог, тіс дәрігері, онколог-маммолог және уролог-дәрігерге қаралып жатыр. Ақ халаттылар қажетінше шағын операциялар жасап, жоспарлы емдеуге жолдама береді алады. Ал заңгерлер тегін құқықтық көмек көрсетеді. Медиаторлардың пікірінше халық жер қатынасы, атаулы әлеуметтік көмек алуға қатысты мәселелерді жиі көтереді.
Қымбат Түренова, медиатор:
- Көп азаматтардың еңбек кітапшасында печать жоқ. Не болмаса мөрі болса ол көрінбейді. Ол еңбек өтіліне салынбайды. Сондықтан да оларға азаматтық іс қозғалсын деп Қарақия аудандық сотына, Маңғыстау аудандық сотына талап арыздар жазылды. Бір станцияда апатты үй болды. Ол үйде 16 азамат өмір сүреді екен. Үйдің нақты авариялық жағдайда екені жайлы құжаттары жоқ екен. Соны аудан арқылы облысқа жазып, сол өтініштерін шешіп жатырмыз.
Айнұр Егінбаева, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері:
- Бұл біздің сегізінші станциямыз. Маңғыстау облысын 3 мамырдан 25 мамырға дейін жүріп өтеміз. Шетпе станциясынан кейін бізде Үстірт және Опорный станциясы. Қазіргі таңға дейін 5 мың бір жүзге жуық халық қаралды. Халық өте жақсы келіп жатыр. Сонымен қатар, бізде биыл екі мобильдік бригадамыз бар. Ол кісілер үйде жатқан науқастарға барып қанын алып, ЭКГ-сын түсіріп, сол жерде қарап береді.
«Саламатты Қазақстан» пойызына қаралу үшін медициналық сақтандыру құжатының болуы міндетті емес. Дәрігерлер үзіліссіз таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қабылдайды.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев