Үлбі өзені ауылдың іргесін шайып жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы Тархан ауылының тұрғындарын іргеде ағып жатқан Үлбі өзені жыл сайын әбігерге салады.

Арнасы толып, бағытын өзгерткен өзен жағаны шайып, күн өткен сайын ауылға қарай жылжып келеді. Ауыл тұрғындары өз күшімен бөгет салғанымен, еш нәтиже жоқ. Қазір елді мекенде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар мен гидрологтар жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, судың бағытын өзгерту бойынша жоба жасақтауда.

- Вот забора нет, а это отмывает землю у нас, начинается от соседа к нашему забору, не сегодня завтра река пойдет от забора и сюда зайдет. 

Тархан ауылының тұрғыны Алексей Шульминнің кем дегенде екі сотық жерін су шайған. Қоршау мен шаруашылық нысандары да ағыспен ағып кетті. Жылда әбігерге салатын өзеннің биылғы қарқыны қатты, дейді тұрғындар. Су басқан жерді өлшеп, өзен суының күн өткен сайын жағаға қарай жылжып келе жатқанын айтады. 

Елена Ляпунова, Тархан ауылының тұрғыны:

- Өзеннің арнасы бұрын қашық болатын. Қазір міне іргеде ағып жатыр. Су шайып кете ме деп, қорқамыз. Еккен бау-бақшамыздың орнын су басып жатыр. 

Жергілікті тұрғындар өз күшімен бөгет салып әлекке түсуде. Бірақ мол су оны да бұзып өтіп кетіп жатады. Берік бөгет салуға күш пен қаржы жеткіліксіз. Үлбі өзенінің ұзындығы 100 шақырым болса, тереңдігі 3 метрге дейін жетеді. Ал ағысы қатты. Енді құтқарушылар мен гидрологтар осы мәселелерді ескеріп, жаңа жоба дайындап жатыр.

Константин Горовиков, Глубокое ауданы ТЖБ бастығы:

- Гидрологиялық карта дайындау үшін біз гидрологтарды көмекке шақырамыз. Қазір су деңгейінің төмендегені байқалады. Біз әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, алдағы уақытта мұндай кеелеңсіздіктің болмауы үшін жұмыс істейміз.

Үлбінің арнасы Алтай шыңындағы еріген қар суымен әлі де толады. Сондықтан мамандар су деңгейінің төмендегенін күтіп отыр. Содан кейін арнайы техникалардың көмегімен өзеннің бағытын өзгертіп, ауылға төнген қауіпті сейілтпек.

Аян Мақиев, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:

-Біз биыл Михнин көшесін инженерлік жұмыстар жобасына қостық. Мұнда Үлбі өзенінің жағасы нығайтылады. Қажетті материалдар мен арнайы техникаларды алдырамыз.

Тархан ауылында Үлбі өзенінің жағасын бекіту жұмыстары екі жыл бұрын жүргізілген еді. Бірақ қазір оның бәрін су шайып кеткен. Енді ауыл тұрғындары су тасқынынан қорғау жұмыстарының жүйелі жүргізілуінен ғана үміт етеді.

Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин