Су тасқыны: Жалаулыда жаңа үйлер бой көтерді
Тасқын зиян шектірген Жалаулы ауылы қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды 24KZ.
Айналасы бір айда құрылысшылар 5 үйдің қабырғасын қалап бітті. Қазір төбесін жауып жатыр. Одан кейін ішкі әрлеу жұмыстары басталады. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, құрылысты жүргізуге техника бар, материал мен жұмыс қолы да жеткілікті. Үй салуға 30-ға тарта адам жұмылған.
Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылында 15 үйді су басқан еді. Тұруға жарамсыз күйге түскен бесеуі қайта салынады. Қалған 9 үйді жөндеуге және бүлінген дүние-мүлікті қалпына келтіруге 47 миллион теңге өтемақы төленді. 80 шаршы метрлік бір үйдің құрылысы 22 миллион теңгеге түскен. Баспаналар толық демеушілердің қаражатына салынып жатыр. Бұл – облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекенде кейінгі 30 жылда бой көтеріп жатқан алғашқы жаңа үйлер.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Құрылыс жұмыстары кестесінен 20 күнге ерте жүріп келе жатыр. Енді, әрине, біз, бірінші, жоспар бойынша шілде айында аяқтаймыз деп ойлағамыз. Солай деп көздеп отырмыз. Бірақ жаңа мердігермен сөйлескенде осы маусым айының аяғына дейін аяқтап қаламыз деген ой бар.
Мархабат Сматаев, Жалаулы ауылының тұрғыны:
- Судан зардап шеккен отбасының біреуіміз. Жанұяммен жолдасымның 2 бөлмелі үйінде тұрып жатырмыз. 2 бала, жолдасым екеуіміз – 4 адам. Үй салынып жатыр, ризамыз. Көңілімізден шығып жатыр. Рақмет барлықтарына. Мына менен басқа тағы да 4 отбасыға салынып жатыр. Олардың атынан да көп-көп рақмет айта аламын. Келіп көріп жатамыз, істеліп жатыр, түгелі түзу, дұрыс істелініп жатыр.