Құлсарыда 74 үйдің құрылысы басталды
Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін 74 үйдің құрылысы басталды.
«Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарына 3 мердігер мекеме тартылған. Жалпы Жылыой ауданында 150 жер телімі анықталды. Тұрғындардың сұранысына сәйкес қалған тұрғын үйлерді облыстың бюджет есебінен салу жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстары басталды. Қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда басқармамен, қормен және мердігер компаниямен үшжақты меморандум жасақталды. Осы жұмыстар бойынша құрылыс жұмыстары жалғасын тауып жатыр. 3 мердігер компания өздерінің техникаларын құрылыс алаңына алып келді. Мобилизация жұмыстары жүріп жатыр. Осы 1-2 күн ішінде іргетасын құю жұмыстары басталады.