«Қамбар ата-1» гидроэлектрстанциясы энергия тапшылығын азайтуы тиіс

Қамбар ата-1 гидроэлектр станциясы Орталық Азиядағы энергия тапшылығын азайтуға тиіс.

Сондықтан Қырғызстанда салынатын стансаның құрылысына Өзбекстанмен қатар Қазақстан да атсалысады.

Жақында үш мемлекет комиссиясы кездесіп, келісімге келді. Сөйтіп, бұл электр станциясы бізге не береді?

Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Нарын өзенінің бойында Қамбар ата – 1 электр стансасын тұрғызбақ. Нарын Қырғызстан аумағымен ағады. Сырдария өзеніне құяды. Электр стансасы Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді дейді мамандар. Сонымен қатар, оңтүстік өңірдегі су тапшылығын жоюға ықпал етеді.

Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:

- Жалпы бізде Орталық Азияда, мемлекеттерде соңғы үш-төрт жыл қатты болып тұр, электр энергияның дефициті. Электр энергиясының дефициті ол неге әсер етеді, суға. Қамбар ата ГЭС Қырғызстанға гидроэнергетикасының потенциалын көтереді. Сонда олар қыста сол Қамбар атамен жұмыс істейді. Электр энергия өндіреді. Ал Тоқтағұл су қоймасы ол сол су жинап қыста, жазда уже Өзбекстанға, бізге береді. Енді, ең бірінші мәселе сол ғой болып тұр.

Яғни біз жаз кезінде суды көбірек аламыз. Сонымен қатар, өндірілген энергиядан да үлесіміз болады. Қазір тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы Қазақстан, Өзбекстанмен қатар Қырғызстанда да электр қуатына сұраныс өсіп келеді. Мәселен, былтыр айыр қалпақты ағайын 3 жарым млрд квт/сағ энергия импорттапты. Ал жаңа станция жылына 5,6 млрд квт/сағ энергия өндіреді. Құрылыс барысындағы Қазақстан мен Өзбекстанның үлесі 33 пайыздан болса, Қырғызстан 34 пайызына иелік етеді. 

ЦИТАТА

«Келісім жобасына сәйкес, Қазақстан Республикасының үлестік қатысуы 33 пайызды құрайтын акционерлік қоғам құрылады. Қаржыландырудың негізгі көздері қоғам құрылтайшыларының меншікті қаражаты, қоғам тартатын халықаралық қаржы институттары мен коммерциялық банктердің қарызы және гранттық қаражаты болып табылады. Құрылыс, пайдалану және қарыз қаражатын қайтару кезеңдері аяқталғаннан кейін "Қамбар ата ГЭС – 1"  акциялары мен активтерін Қырғыз Республикасы толығымен сатып алады».

ҚР Энергетика министрлігі

Қамбар ата су торабының құрылысы өткен ғасырдың 80-жылдары жоспарланды. Алайда Кеңес үкіметі тараған соң жоба аяқсыз қалды. Дегенмен, 2000 жылдары Қамбар ата – 2 қайта қолға алынып, 2010 жылы іске қосылды. Ал Қамбар ата – 1 құрылысы 5-6 жылдың шамасында аяқталуы мүмкін.

Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов