Мәртөк ауданында қараусыз қалған 800 гектар жер игеріліп жатыр

Құлпынай мен таңқурай таңсық емес. Ақтөбе облысында бір ғана Мәртөк ауданы көкөніс пен жеміс-жидек алқаптарын 800 гектарға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды 24KZ.

Сөйтіп, арамшөп басып қараусыз қалған жерлер қайта игеріліп жатыр.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Рахат Көпжанов құлпынайды үйінің ауласында өсіріп отыр. Кәсібінің табысты екенін түсінген ауыл тұрғыны бауырымен бірге 26 гектар жерді игеруге бел шеше кіріседі. Аудан орталығы іргесіндегі қараусыз қалған ескі алқаптарды жыртып, жеміс-жидекпен бірге қияр, жүгері де екті. Қосымша қаражат болса, арам шөп басқан 50 гектар жерді де игеруді жоспарлап жүр.

Рахат Көпжанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Болашақта олардың барлығын суармалы жерге айналдырып, құлпынайды, жылыжайларды үлкейтіп, осы Мәртөк ауылы тұрғындарын максималды жұмысқа тарту ойлар бар бізде. Өйткені ауыл тұрғындары көбіне қалада жұмыс жасайды. Енді барлығын сол ауылға шақырып, ауылда еңбек етіп, өздерінің отбасыларының қасында болып, осындай бір ойлар бар болашақта.

Былтыр мемлекеттің қолдауы арқасында жеңілдетілген үстемақымен 20 млн теңге несие рәсімдеген. Бұл қаражатты жылыжай құрылысына жұмсады. Ауыл халқын қыс мезгілінде де жергілікті өніммен қамтамассыз етуді қолға алған. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл Мәртөк ауданының 5 шаруа қожалығы субсидияға қол жеткізді. Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға биыл 73 ауыл тұрғыны өтінім берген. Дені өсімдік шаруашылығымен шұғылдануды көздеп отыр.

Орақбай Нұрбердиев, Мәртөк аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Негізі көбісі бізде ауданда осы мына ашық алаңдарда егуге бағытталған. Қазіргі таңда осы 31 жобаның 1 жобасы мақұлданды. Ол бізде Тәңірберген ауылдық округінде 26 млн 200 мың теңгеге мақұлданып, несиесін алып жатыр қазір. Егістік суаруға құдықтар қазуға, минералды тыңайтқыштар сатып алуға, тұқым сатып алуға сондай мақсаттарға несиесін алды.

Мәртөк ауданында қазір көкөніс пен жеміс-жидек алқаптарының ауданы 800 гектарға жуықтаған. Өңірге тән қияр мен қызанақ сияқты дәстүрлі өнімдерді айтпағанда құлпынай мен таңқурай өсіріп отырғандар қатары артып келеді. Сондықтан да бұдан былай құнарлы жерлер қараусыз қалмайтын сыңайлы.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов