Қазақстан қоқысты толық көлемде өңдеуге қашан көшеді?
Қазақстанда 107 ірілі-ұсақты қоқыс өңдейтін өндіріс бар.
Оның елуі пластик, 30-ы қағаз, 20-сы шыны қалдықтарын өңдеумен айналысады. Алайда бұның өзі қоқыс өндірісінің жүйесін қалыптастыруға аздық етеді. Себебі елде жыл сайын орта есеппен 4,5 млн тонна қалдық түзілсе, оның тек тоннасына жуығы ғана қайта өңделеді. Қоршаған ортаны қорғай отырып, қоқысты қайта өңдеу бағытында қандай шаруа атқарылуға тиіс?
Бұл Астанадағы секонд хэнд дүкендерінің бірі. Мұндағы киім-кешек бағасы 100 теңгеден басталады. Төрт жыл бұрын Әсемгүл Керейбаева жолдасымен бірге әлеуметтік дүкен жобасын қолға алған еді. Бұл бастамасы енді жемісін беріп жатыр. Киілген киім-кешек саудалайтын 6 дүкен ашылды. Қала бойынша осындай 50 шақты жәшік қойылған. Жұрт жәшікке қалдыратын қыстық-жаздық киім мына қоймада сұрыпталып, ізінше дүкендерге шығарылады. Осылайша ерлі-зайыпты 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Әсемгүл Керейбаева, кәсіпкер:
- Күнделікті біздің қоймада екі тоннаға жуық киім сұрыпталады. Ол тек сұрыпталатын заттар. Ал келетін заттың саны одан да көп. Оның 20-30 пайызы жыртық, кір, жуылмаған яғни сондай заттар. Өкінішке орай, ия олардың барлығы полигонға кетеді. Себебі бізде қайта өңдейтін зауыт жоқ Астанада, жалпы Қазақстанда да жоқ.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Мақта мен жүннен тоқылған мата уақыт өте шіритіні рас. Алайда қазіргі киім-кешек өндірісінде полиэстер мен нейлон жиі қолданылады. Мұндай талшықтар көбіне маусым сайын өзгеріп отыратын трендтік киім өндірісінде, яғни фаст фэшнде өте көп пайдаланылады. Ал енді әр адам маусым сайын осындай матадан тігілген киімдерді ауыстырып, ескірген қоқысқа тастай берсе, экологияға қаншалықты зиянын тигізетінін бағамдай беріңіздер.
Дегенмен, түтілген джинса киімнің мақтасын, түрлі мата қиқымдарын кәдеге жаратуға болады. Әсемгүл Керейбаева алдағы уақытта киюге жарамсыз бұйымдарды ұсақтап кесіп, пресстеп жиһаз- жастықтың шикізаты ретінде қолдануды ұсынып отыр. Жалпы, Қазақстанда киімді қайта өңдеу ісінің болашағы жайлы білмекке экология министрлігіне жүгінген едік.
Руслан Төкенов, қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:
- Киім қалдықтарын қайтадан өңдеуге өзінің өтелмейтін бизнес ретінде қаралып жатыр. оны біз қазіргі кезде оны біз қалдықтарды энергетикалық утилизациялау арқылы жою мәселесін де қаралып жатыр. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар..яғни қалдықтарды энергетикалық утилизациялау арқылы одан бір жылу, энергия көздерін алу бағытындағы жұмыстарды жасап жатырмыз.
Былтыр елімізде 4 млн 300 мың тонна қалдық түзілсе, оның 23 пайыздайы ғана қайта өңделді. «Жасыл Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға дейін көрсеткішті 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Министрлік тиісті іс-шараны қолға алған. Мәселен, утиль салым қаражаты есебінен қоқысты қайта өңдеуге арналған инвест жобаларға 200 млрд теңге қарастырылған.
Руслан Төкенов, қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:
- Ол жеңілдетілген сыйақы мөлшерімен үш пайызға. Қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге берілетін қаражат. Үштен 15 жылға дейін беріледі. Және де зауыттарды соғу кезінде каникул мерзімі де қаралған. Осы бойынша қазір 94 жобаның пул-тізбегі қалыптастырылды.
Атап айтқанда, инвестжобалардың 37-сі қайта өңдеу, 27-сі сұрыптау зауыттарын салуға бағытталмақ. Сонымен қатар, қомақты қаржы қайта өңдеу инфрақұрылыма қажет ірілі-ұсақты техникаға бөлінеді.
Бақыт Топтаева, Мадияр Қындыбаев, Өрден Жарқын