Су тасқыны: Үкімет басшысы бағалау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды
Су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтау қажет. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдер мен құзырлы министрлік басшысына осындай тапсырма жүктеді, деп хабарлайды 24KZ.
Тасқыннан зардап шеккен аймақтарда, бүлінген үйлерге сараптама жасап, бағалау жұмыстары әркелкі жүріп жатыр. Алға қойылып отырған маңызды міндет – оқу жылының басына дейін зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамту. Үкімет отырысында бүгін осы мәселе пысықталды.
Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 54%-і тексеріліп, 770 үйдің құны бағаланды. Ақтөбе облысында 1673 үй бағаланды. Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл жұмыс толық аяқталған. Ал жалпы тасқын судан зардап шеккен аймақтарда бүлінген баспананың 84%-і бағалаудан өтті. 15 093 тұрғынның үйі мен саяжайы тексеріліп, сараптама жасалды.
Бағалау жұмыстарын орындау
Батыс Қазақстан облысы – 770 үй (54%)
Ақтөбе облысы – 1673 үй (73%)
Атырау облысы – 100%
Ақмола облысы – 100%
Қостанай облысы – 100%
Солтүстік Қазақстан облысы – 100%
Жалпы көрсеткіш – 84%
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Көріп отырғанымыздай, жұмыс қарқыны кейбір өңірлерде төмен. Жұмыс баяу жүріп жатыр. Мысалы Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында. Сондықтан әкімдерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей, барынша тездету керек.
Жасалған қорытындыға сай 9 мыңнан астам үй жөнделеді. 4 315 үй апатты деп танылды. Қазір 1 847 үй мен пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Тағы 3 417 баспана сатып алынады. Қанат Шарлапаев құрылыс кезінде негізінен отандық өндірушілердің материалдары қолданылып жатқанын атап өтті.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Өзіміздің отандық өнімге басымдық беріп жатырмыз. Мысалы жеке үйлердің материалдары өздеріңіз білесіздер, газоблок, өзіміздің қазақстандық цемент, сонымен қатар қазіргі таңда кірпіш, газоблок, профлист, ағаш ол бүкілі Қазақстандікі. Кішкене ішкі жұмыстарын жасау үшін материалдарды шетелден әкелуге мәжбүр боламыз, себебі Қазақстанда осындай өндірістер қазіргі таңда жоқ.
Өңірлерде су тасқыны салдарынан 12 мыңнан астам тұрғын үйге, сондай-ақ 18300 саяжайға зақым келіп отыр. Оның ішінде 5 мыңнан астам үй зардап шеккендердің жалғыз баспанасы. Сондай-ақ 30 538 отбасы мемлекет тарапынан 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
Авторлары: Рухани Асқар, Серік Қоңырбаев