Құқығы бұзылған тұтынушылар бірден сотқа жүгіне алатын болды

Енді құқығы бұзылған тұтынушылар бірден сотқа жүгіне алады.

Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада азаматтар сапасыз қызмет пен тауар сатқан кәсіпкердің үстінен сотқа шағымдану үшін міндетті кезеңдерден өтуі керек. Ол алдымен кәсіпкерге наразылығын жеткізуге, содан кейін дауды медиатор арқылы сотқа дейінгі тәртіппен шешуге тырысуға тиіс. Тек содан кейін мемлекеттік органға жүгінген соң ғана сотқа арыздана алады.

Асқар Тынысбеков, ҚР СИМ тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:

- Бұл қарапайым азаматтарды әуре-сарсаңға салады. Өйткені соттар тұтынушылардың талаптарын қараусыз қайтарып, кәсіпкермен медиативтік келісуді немесе мемлекеттік органға жүгінуді талап етеді. Осыған байланысты заң жобасында тұтынушыға өз құқықтарын қорғау тәсілі бойынша сотқа тікелей талап қоюды немесе мемлекеттік органға жүгіну ұсынылған.