Қызылордада күріштің 25 сорты сынақтан өтіп жатыр
Осылайша, ғалымдар тез пісетін, мол өнім беретін әрі өңірдің климатына төзімді тұқымды таңдап алуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының мамандары тәжірибелік алқаптарға Түркия, Вьетнам, Италия, Қытай, Ресей және Украинадан әкелінген күріш түрлерін егіп, бақылауға алды. Бұл шаралар аймақтағы суармалы су тапшылығының алдын алуға бағытталған. «Сыр өңірінің ауа райы ерекшелігіне байланысты әрі кеткенде 120 күнде толық пісетін күріш сорты қажет. Бұған дейін ғалымдар отандық «Сыр сұлуы», «Айсара» сорттарымен қатар бірнеше шетелдік күрішті өндіріске енгізді», - дейді мамандар.
Айдос Жалбыров, тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:
- Бір атызға біз мөлтек-мөлтек қылып еккенбіз 10 сортты. Бір атызда су жақсы болуы мүмкін, бір атызда су нашар болуы мүмкін. Бәрі бір жағдайда болғандықтан, анықтай аламыз. Сынақ ретінде біз сараптама беретін боламыз.