Қайырымдылық пен алаяқтық. Ниеті түзу адамдарды қалай анықтаймыз?

Қайырымыдылықтағы алаяқтық айылын жияр емес, деп хабарлайды 24KZ.

Өзгеге жақсылық тілеген жаны жайсаң мейірімді жандар қайырымдылыққа деп аударған ақшалары нақты қайда кетіп жатқанын біле бермейді. Мәселен қаржылық мониторинг агенттігінің статистикасына сай 600 мыңнан астам қазақстандық осындай пысықайлардың арбауына түскен. Жиналған 6 млрд теңгенің 2 млрд-қа жуығын алаяқтар өз қалтасына басқан. Енді ниеті түзу адамдарды қалай анықтауға болады?

«Аяла» қайырымдылық қоры 17 жыл бойы денсаулық сақтау саласындағы жобалармен айланысып келеді. Бұл ұйым мемлекеттік перинаталдық орталықтар мен көпбейінді ауруханаларға көмектеседі. Яғни, демеушілерді тартып, мекемелерге керек қондырғыларды алып береді.

Екатерина Еськова, «Ayala» қайырымдылық қорының вице-президенті:

- 2007 жылдан бері 17 жыл ішінде біздің қайырымдылық қорымыз түрлі демеушілердің көмегімен денсаулық сақтау саласына 2 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат тартты. Бұл ақшаға 67 емдеу мекемесіне 300-ден астам реанимациялық-диагностикалық қондырғы сатып алынды. Нәтижесінде Қазақстанда сәби өлімі едәуір азайды.

Екатерина Еськованың сөзінше, соңғы жылдары қорға ақша аударатын қарапайым азаматтардың қатары көбейді. Яғни, қазақстандықтардың қайырымдылық қорларға деген сенімі артқан.

Екатерина Еськова, «Ayala» қайырымдылық қорының вице-президенті:

- Біз негізі ірі компаниялармен жұмыс істейміз. Бірақ қорға ақша аударатын қарапайым қазақстандықтар да көп. Олардан түсетін қаржы соңғы 5 жылда 5 есе артты. Бұл біз бір жылда жинайтын ақшаның 30%-і . Ал жылына бізде 450-500 млн теңге жиналады.

Қайырымдылық жасау – сауапты іс. Бірақ біреуге жақсылық жасаймын деген желеумен адамды алдайтын алаяқтар да көбейген. Қаржылық мониторинг агенттігінің статистикасына сай 600 мыңнан астам қазақстандық осындай пысықайлардың арбауына түскен. Жиналған қаржы көлемі 6 млрд теңге. Оның үштен бірінде алаяқтық белгілері бар.

Дмитрий Малахов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:

- Краудфандингте жоғары тәуекелдер бар. Жыл сайын қайырымдылық іс жасап жүрмін деп ақша жинайтындардың қатары артып келеді. Ол үшін әлеуметтік желілер мен түрлі платформалар қолданылады. Олардың ісін ешкім қадағалап жатқан жоқ.

Бірінші кезекте күдікке қоғамдық көліктерде жәшікпен ақша жинап жүрген жасөспірімдер ілігеді. Соңғы кезде автобустарда мұндай жандарды сирек кездестірсек те, олар өз істерін мүлдем тоқтатпаған. Бұл жәшіктерде көмекке мұқтаж адамның суреті мен ақша аударуға арналған банк шоты көрсетіледі. «Бұндай адамдарға да сенудің қажеті жоқ», - дейді сарапшылар.

Гүлжамилә Қамарова, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ департаментінің басшысы:

- Бұндай жәшікпен жүретіндерде ешбір құжат болмайды. Ол жерде бір Q-код көрсетіледі. Оны сканерлеп көріп жатқан ешкім жоқ. Ал ақша жинаған кезде нақты құжаттар көрсетілуі тиіс. Бұған дейін мынадай бір жағдай болған. Баланың еміне деп қалада осындай жастар ақша жинаған. Ал шын мәнісінде ол бала қайтыс болып кеткен немесе күрделі операцияны талап етпеген.

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін мамандар қайырымдылық қор жайлы толық ақпарат жинап алуға кеңес береді. Өйткені бұндай ұйымдар ашық түрде жұмыс істейді. Яғни, олардың ресми құжаттары, жиналған ақшаның нақты қайда кеткендігі жөнінде есептері болады. Тағы ресми сайттары мен әлеуметтік желілерін де мұқият тексерген жөн. Жалпы қазір игі іс жасап, сауап алам деген жандар кез келген банктің қосымшасы арқылы қайырымдылыққа ақша аудара алады. Бұл жерде барлық ұйымдардың тізімі ашық түрде көрсетілген.

Авторлары: Риат Шони, Сабина Рахимбай, Ғалымжан Абдылахат