Мәскеуде «Отандастар» қорының жетекшілері мен қандастар бас қосты
Мәскеуде «Отандастар» қорының жетекшілері мен Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарының мүшелері бас қосты, деп хабарлайды 24KZ.
Қор өзіміздің ғана емес, өзге елдердің де әдіс-тәсілдері мен ұсыныстарын ұштастыра отырып, қазақ қандастарды қолдауға бағытталған «Жол картасын» әзірлеу бойынша жұмыс істейді. Ол отандастар арасында ұлттық кодты сақтауға негізделген. Кездесу барысында қатысушылар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық берді. Мәскеудегі қазақ диаспорасы болса, қос ел арасындағы көп форматты диалогты белсенді дамытып, қазақ тілінде оқу және көркем әдебиетті дәріптеп, жастарға Отанын таныстыру сапарларын ұйымдастыруды ұсынды.
Амантай Жүнісов, Сібірдегі «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы жетекшіснің орынбасары:
Омбы облысындағы ең өзекті мәселе – балаларды оқытуға арналған қазақ тілді кітаптардың тапшылығы. Сондай-ақ спорт саласы бойынша ынтымақтастық орнату ұсыныстары да жоспарда бар.
Жарқын Утешова, Мәскеу қаласындағы «Астана» қорының президенті:
- Бұл үлкен жетістік Қазақстан мен Ресейдің арасындағы байланысты көрсетеді. Біз мұнда қазақ халқының мәдениетін, қазақ тілін сақтап қалудың жолында жүріп келе жатырмыз. «Отандастар» қорына үлкен рақмет жұмысымызға қолдау көрсеткені үшін. Отандастар қоры жұмыс істей бастағаннан бері біздің де жұмысымыз жанданып, нәтижелерге жетіп отырмыз.
Татьяна Полтавская, әнші:
- Қандай үлкен жұмыс! Отандастар қоры үнемі ауқымды, маңызды бастамаларды көтеріп, игілікті іс жасап отыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады деп сенемін.