Зерттеушілер: Мысықты қолға үйрету Сыр бойынан басталуы әбден мүмкін

Қызылорда облысындағы көне қала – Жанкенттің іргесі V ғасырда қаланған болуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған дейін тарихи нысанның қалыптасу кезеңі IX-XI ғасыр аралығы деп болжанған еді. Алайда ескі шаһар орнынан жан-жануарлардың сүйегі көптеп табылғаннан кейін ғалымдардың тұжырымы өзгерді. Оның ішінде дала мысығы мәліннің сүйегінің кездесуі археологтардың болжамын нақтылай түскен.

«Бұл жануарды қолға үйрету Иран немесе Египеттен емес, Сыр бойынан басталған деуге негіз бар», - дейді зерттеушілер. Жанкент қаласының жасын анықтау жұмыстарын қызылордалық археологтар Еуропаның мамандарымен бірге жалғастыруда. Ұлы жібек жолының бойында көшпенді халықтың қалыптасу тарихын зерттеуге Англияның Оксфорд университетінің археологы Эшли Харуда да үлес қосып келеді.

Эшли Харуды, Оксфорд университетінің археолог-палеозоологы:

- Қызылордаға Қорқыт ата университетінің шақыртуымен келдім. Менің әріптестерім Жанкент қалашығының орнынан түйе, сиыр, жылқы, қой, тіпті мысық пен балықтың да сүйегін тапқан. Алдағы уақытта соның барлығын жан-жақты зерттеуді жоспарлап отырмын.