Жамбыл облысындағы «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесі қандай?
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 1600-ден аса сенбілік өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Солардың бірі бүгін Таразда өтті. Игі іске жастар мен мемлекеттік қызметшілер атсалысты.
Тараз тұрғындары таң сәріден Қарасу каналына жиналды. 200-ге жуық адам канал жағасын арамшөптен тазартып, Денсаулық саябағын ретке келтірді.
Гүлмира Татыбаева, қала тұрғыны:
- «Таза Қазақстан» деп бүкіл еліміз болып, республика болып шығып жатырмыз. Бізде міне, бүкіл ұйым болып шығып жатырмыз. Қаламызды тазартуға. Тазалық өзіміздің ауламыздан басталады. Әркім өз ауласын өз көшесін таза ұстаса, қаламыз да таза болады.
Ерхан Мелдебек, волонтёр:
- «Таза Қазақстан» акциясына волонтерлерден бөлек, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары тартылып жатыр. 70 студенттен құралған. Яғни, олардың қызмет жасап жүргеніне «Таза Қазақстан» акциясы бойынша бір ай уақыт болды. Яғни, қаламыздың тазалығын сақтап, оны ары қарай көгалдандыруға өз үлестерін қосады.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Жамбыл облысында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен 800 шақырымнан аса канал мен арық қоқыстан тазартылды. Биыл шаһарды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалауға қалалық бюджеттен 9,4 млрд теңге бөлінді.
Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:
- Ең қажет етіп тұрған 7 каналымызда қазір жөндеу жұмыстары жүруде. Жөндеу механикалық техникаларды пайдалану арқылы тереңдетіп, 70-80 см-ге табанын тазалап, сөйтіп, астындағы қоқыстарды шығарудамыз. Көктемде мына акцияға байланысты 20 мың түп ағаш отырғызылды.
Акция аясында қала орталығындағы көппәтерлі 11 үйдің қасбеті жөнделеді. Оған әкімдіктен 685 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Тектұрмас кешеніне егілген 3500 қылқан жапырақты ағаш автоматты тамшылатып суару жүйесіне қосылады. Бұл күні Қордай ауданындағы Сортөбе, Масаншы ауылдарында да тазалық күні ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов қатысты.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә