Астанадағы бірнеше көпқабатты үйдің жертөлесін су басты
2022 жылы пайдалануға берілген нысанда қар еріп, жаңбыр жауған сайын осындай проблема туындайды, деп хабарлайды 24KZ.
Тұрғындардың айтуынша, кәріз жүйесі дұрыс тартылмаған, ал гидроизоляция нашар. Мәселе қашан шешіледі? Қолайсыздықтар үшін кім жауапты?
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші.
- Бұл — Абылай хан даңғылында орналасқан үйлердегі көрініс. Жауын-шашын басталғалы мұндағы жертөлелер мен жеделсаты шахталарына су жиналған. Қызмет көрсетуші компания мәселені шешуге қанша тырысқанымен, нәтиже жоқ. Күні-түні су сорғызу жұмыстары жүргізілсе де, бірнеше сағатта үйдің жертөлесі қайта толады. Судың қайдан келіп жатқаны белгісіз. Бірақ тұрғындардың айтуынша, кешеннің кәріз жүйесі дұрыс тартылмаған.
Серік Мейрамбайұлы, қала тұрғыны:
- Осыдан екі жұма бұрын қатты жауын болған кезде осылай біздің шахталарымыз бәрі толып кетті. Су түсініксіз, «грунтовые воды» дейді. Біз үстінен келіп жатыр ма деп ойласақ, шатырлардың бәрі құрғақ. Мынаның бәрі астынан шығып жатыр. Астынан атқылап шығып жатыр. Мүмкін емес мынау. Сорып алып тастаймыз, бірақ қайтадан толып жатыр.
Алматы ауданы әкімдігінің өкілі бұл үйлер сайда орналасқан дейді. Сондықтан қатты нөсер кезінде, жаңбыр мен кәріз суы жертөлеге жиналады. Ал кешендегі канализациялық су сорғызу станциясының оны реттеуге күші жетпейді.
Ерлан Сәрсекеев, Алматы ауданы әкімдігі тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
- Абылай хан көшесіндегі 60, 62 ,64 үйлердің жертөлелерінде жаңбырдың суынан келіп жатыр. Өйткені бұл үйдің аумақтарында «ливневая система» қарастырылмаған. Үйді салған құрылыс басқармасы. Сондықтан қазір олар «ливневка» салу мәселесін қарастырып жатыр.
Мердігер мен қызмет көрсетуші компаниядан мардымды жауап ала алмаған тұрғындар түні бойы жағдайды өздері бақылауға мәжбүр.
Серік Мейрамбайұлы, қала тұрғыны:
- Сұрасақ КСК айтады. Бұл жерде дренажды жүйе жоқ. Үйдің алдындағы, Абылай хан магистралі жағындағы «ливневый системаны» біз түні бойы қарап жүрдік күзетіп. Оның бәрі толып тұр. Кәріздік жүйе де толып тұр.
Көпқабатты үйдің пайдалануға берілгеніне екі жыл. Бірақ қар еріп, жауын жауған сайын осы мәселе туындайды. Кешенде көпбалалы және мемлекеттік бағдарламамен үй алған жас отбасылар да бар.
Дастан Рысалұлы, қала тұрғыны:
- Үкіметтің бағдарламасымен «без права выкупа» үйді алғанбыз. 62-ші үйде тұрамын өзім, Абылай хан көшесі 62 үйде. Астында коммерциялық үй-жайлар бар. Олар да түнімен тазиктерімен суларын тасып шықты. КСК жалғыз өзі үлгермей жатыр. Үкіметтен, мердігерден ешқандай көмек көріп жатқан жоқпыз. Құрылыс компаниясы білмеймін енді қалай тапсырғанын...
Тұрғындардың базынасын айтып, қала әкімдігіне хабарластық. Бірақ мәселеге қатысты ресми жауап әлі жоқ. Ал аудан әкімдігі кәріз жүйесінің құрылысын жеделдетуге тырысамыз деп қарап отыр.
Ерлан Сәрсекеев, Алматы ауданы әкімдігі тіршілікті қамтамыз ету бөлімінің басшысы:
- Құрылыс басқармасы жауап беру керек. Ал негізі құрылыс басқармасының ақпараты бойынша олар келесі жылы істейміз деді. Биыл қазір қарастырып жатыр жобаны. Біз де бақылаудамыз оны, қалалық әкімдікте көтеріп жатырмыз, жобаны тездетіп, келесі жылға қалдырмай, биыл істеткізсін деп.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс басқармасы бұл ауданда кезең-кезеңмен суағарлар салынады деп уәде берген. Абылай хан даңғылындағы үйлерге кезек 2025 жылға қарай бірақ-ақ келеді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Қанат Махмұтов