Адам саудасы деректерінің бестен бірі балаларға қатысты болған
Астанадағы 9 «элиталық» моншада жас қыздар сексуалдық әрекеттерге мәжбүрлі түрде тартылған.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Адам қанаумен айналысқан қылмыстық топтың негізгі фигуранттары қамауға алынды. Осыған ұқсас жағдай өзге өңірлерде де тіркелген. Мысалы, Шымкент пен Петропавл қалаларында жас қыздарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Жалпы адам саудасына қатысты 49 жағдай тіркелген. Соның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты. Ал бірқатар өңірде әлеуметтік осал топтардан шыққан адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлегендер ұсталды.
Қуандық Алпыс, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
- Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоқан-лоққы және күш көрсетіп, оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеп, “бизнес” ұйымдастырған адамдар тобы ұсталды. Қылмыскерлер өз құрбандарының есебінен жылына 10 млн теңгеге дейін табыс тауып отырған. Осыған ұқсас қылмыстық топтардың әрекеттері Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарының аумағында әшкереленді. Барлық қылмыскерлер құрықталды.