Қосымша жолаушылар вагоны сатып алынады

Демалыс маусымы басталмай жатып, туристік бағыттарға билет тапшы, деп хабарлайды 24KZ.

Ал оны алып-сатумен айналысатын делдалдардың мәселесі шешілмей тұр. Бүгін Мәжілісте осыған қатысты мәселе көтеріліп, Көлік министрі жауап берді. Марат Қарабаевтың айтуынша, тапшылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта елдегі курорттық аймақтарға қатынайтын рейстер мен пойыздар саны артады. Әсіресе Алакөл мен Балқаш бағытында пойыздар саны артпақ. Сондай-ақ билеттердің бағасы қолжетімді болады. «Бұдан бөлек, тағы бірқатар жолаушылар вагонын сатып алу көзделіп отыр», – дейді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Қосымша қатынайтын пойыздардың билеті сатылымға әлі шыққан жоқ. Дегенмен оның құны қолжетімді болады. Сондай-ақ жазғы демалыс маусымындағы билет тапшылығын жою мақсатында қосымша жолаушылар вагоны сатып алынады. Былтыр 118-ін алсақ, биыл тағы 140 вагон сатып алу жоспарланып отыр.