«Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданды

Электр энергиясын тұтынушыларды сүлікше сорған делдалдарға енді тосқауыл қойылады.

Бүгін Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заңды және оған ілеспе 2 құжатты қабылдап, Сенат қарауына жіберді. Бұған дейін жылу энергетикасына қатысты заң немесе оған жауапты бірыңғай уәкілетті органның болмауынан жеке сала ретінде қаралмаған. Яғни тиісті деңгейде жүйелі мемлекеттік саясат пен бақылау функциялары жүзеге аспай келді. Салдарынан саладағы мәселелер әбден қордаланып қалды. Жылу желілері, жылу электр орталықтары мен аудандық қазандықтардың тозығы жетіп, «қараусыз баланың» күйін кешкен. Мәселен, еліміздегі жылу желілерінің 53%-і тозып тұр. Тіпті Арқалықтағы жылу орталығының 90%-і ескірген. Жаңа заң жобасында бұл салаға қатысты мемлекеттік бақылау нормасы бекітілді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұған дейін мына жылу энергетикасы саласында мемлекеттік реттеу өте әлсіз болды. Себебі электроэнергетика саласының ішінде болды, жылу энергетика соның бір көлеңкесінде қалып қойды да. Енді қазір өз алдына бөлек сала болғаннан кейін бұл жердегі мемлекеттік реттеу, бақылау, қадағалау осы заң арқылы іске асады. Яғни тариф мәселесі де осы заңмен емес, басқа енді заңдар бар ғой, табиғи монополиялар туралы заң, сонымен реттеледі.