Депутат Алматы іргесіндегі ауылдардың мәселесін көтерді
Қарасай ауданында жекеменшікке берілген жерлердің заңдылығын қайта қарау керек. Мәжілісмен Данияр Қасқарауов өңірдің проблемаларын көтеріп, осындай ұсыныс айтты.
Оның айтуынша, Алматы қаласының іргесіндегі елді мекеннің әлеуметтік проблемалары шаш етектен. Мысалы, сол жердегі Кемертоған ауылының жарыққа, жолға, суға жарымаған тұрғындарының төзімі әбден таусылған. Бұл ауылда 160-тан астам тоқ подстанциясы бар. Бірақ оның бәрі жекеменшік. Жер алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Осыған орай депутат электр жабдықтау ұйымының 2021-2023 жылдардағы шаруашылық қызметін прокурорлық тексеруді сұрап, Премьер-министрдің атына сауал жолдады. Сондай-ақ Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының өзінде үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті. Қазіргі таңда осы аталған аудандарда жүктемесі шамадан тыс 82 мектеп бар.
Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне сәйкестігін және заңдылығын анықтау мақсатында инспекторлық тексерісті ашуды талап етемін. Төртіншіден, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне аталған өңірдегі үш ауысымды мектептерді жою, сонымен бірге білім, мәдениет және спорт саласындағы жаңа объектілердің құрылысы мен төтенше жағдайдағы объектілердің жөндеу жұмыстары бағытында нақты атқарылып жатқан шаралар туралы ақпаратты заңнамада белгіленген мерзімде беруді сұраймын.