Су тасқыны: Петропавлда үйлер жөнделіп жатыр
Петропавлда су тасқынынан кейін тұруға жарамды деген үйлер кезең-кезеңмен қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Сонымен қатар зардап шеккендерге өтемақы беріліп, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оған әр ауданнан құрылған арнайы мамандар тартылған.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Петропавлда көктемгі тасқында 2 мыңнан астам үй су астында қалды. Қазір қалпына келтіру және де жөндеу жұмыстарына әр ауданнан келген мехбригадалар жұмылдырылған.
Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі – Ирина Юркова. Техникалық сараптаманың қорытындысы бойынша оның үйі тұруға жарамды деп танылды. Жөндеу жұмыстарына 5,5 млн теңге өтемақы төленді.
Ирина Юркова, қала тұрғыны:
- Мамандар үйді 2-3 аптадай кептірді. Жөндеу жұмыстарын өзім қадағалаймын. Оған 2 жыл кепілдік беріледі.
Петропавлда Ойқала, Былғары зауыты және Заречный ықшамаудандарын су басты. Қазір ол жерлерде арнайы бригадалар жұмыс істеп жатыр. Олар апатты үйлерді бұзып, тұруға жарамдыларын қалпына келтіреді. Көшелерді күл-қоқыстан тазартады.
Нұрбек Сапаров, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Бізде Жамбыл ауданына 118 объект бекітілген. Оның 32 қайтадан жөндеуге жарамды. Бүгінгі күнде жетеуін қазіргі күні біз құрылысшылар кіріп, құрылыс жұмыстарымен айналысып жатыр. Апаттық деп танылған үйлерді бүгінгі күннен бастап бұзу шараларына кіріс жатырмыз.
Қала бойынша 1100 үй апатты деген тізімге алынған. Тұрғындарға оның орнына пәтер немесе жаңадан салынантын баспана беріледі.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.