Шомылу маусымына дайындық: биыл 38 адам судан құтқарылды
Биыл 12 қазақстандық суға кеткен. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Құзырлы орган биылғы шомылу маусымында қайғылы оқиғаларды азайтуға күш салып жатыр. Сондықтан суға түсуге рұқсат берілген арнайы орындар санын көбейткен.
Биылдың өзінде 12 адам суға батып кеткен. Опат болғандардың ішінде 2 бала бар. Мамандар қайғылы оқиғалар орын алмауы үшін тиісті талаптар сақталуы керегін айтады. Біріншіден, тек рұқсат етілген орындарда ғана суға шомылу маңызды. Себебі бұл жерлерде өзендердің түбі тазартылып, келушілер үшін қауіпсіз жағдай жасалған. Сонымен қатар мамандар жағажайда балаларды қараусыз қалдырмау керегін де ескертеді.
Азамат Жұмекешов, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Арнайы жабдықталмаған баллон, мысалы, машиналардың баллоны болмаса матрастармен адам суға түсіп, жүзу білмейтін болса, оның үстіне мініп, судың бетінде демалып, серуендеуге болмайды. Себебі егер де ол судың ортасына кетіп қалатын жағдайда қайтуға өте қиын болады. Онда құтқарушылардың көмегіне жүгіну керек.
Мамандар көп жағдайда мас күйінде суға түскендердің батып кететінін айтады. Сондай-ақ өз күшін асыра бағалап, ерлік істегісі келгендер де тілсіз жаудың құрбанына айналады екен. Биылғы 5 айда осындай 38 жан дер кезінде құтқарылған.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Дәл қазір астаналық құтқарушылар суға батқан адамды құтқару имитациясын жасап жатыр. Біз қызметкерлерден қандай әрекеттер жасау керегін, қандай көмек көрсету керегін сұрап білеміз. Жігіттер, ең бірінші суға батқан адамды құтқарған кезде неге мән берген дұрыс?
Азамат Жұмекешов, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Ең бірінші адамның демалып, демалмай жатқанын. Енді судан шығарғаннан кейін адамның кеудесінде су толуы мүмкін. Сондықтан кеудесіне қойып, суды шығарып алған абзал. Содан кейін кеудесіне немесе арқасына жатқызып, ауыз қуыстарын тексеру арқылы. Үлкен адамдар болса, ауызында протез болуы мүмкін. Басқа да бір заттар болуы мүмкін. Соны тексеру арқылы. Тексеріп болғанан кейін біз пульсін қараймыз. Мына жерден, мойынның тұсынан қараған жақсы. Себебі қолындағы пульсі кейбірінде болмауы мүмкін адамда. Мына жерден пульсін қараған абзал. Егер адам демалып жатқан болса, онда алғашқы көмек жасамаймыз.
Ал тіршілік белгісі білінбесе, жасанды дем беріп, жүрекке массаж жасау керек. Осылайша, жедел жәрдем келгенше өмірін сақтауға болады. Бірақ жауапты министрлік өкілдері қайғылы жағдайлар болдырмас үшін оның алдын алу, қауіпсіздікті сақтау маңызды екенін айтады.
Алексей Советов, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары:
- Жыл басынан бері 20 мыңнан астам балаға жүзу дағдылары үйретілді. Әкімдіктер балаларға арналған қауіпсіз жағажайлар дайындап жатыр. Тәртіп сақшыларымен бірге су айдындарында рейдтер жүргізіліп жатыр. Тиісті ережелерді сақтамаған демалушыларға 500-ден астам хаттама толтырылды.
Жалпы биыл елдегі су айдындарында шомылуға рұқсат берілетін қосымша 105 жағажай қарастырылмақ. Нәтижесінде мұндай орындардың саны 700-ге жуықтайды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, 70 мобильді құтқару бекетін салу жоспарланған.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ержан Рахманбердиев.