Мәскеуде С. Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы аталып өтті
Мәскеуде Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойы аталып өтілді, деп хабарлайды 24KZ.
Жеңіс мұражайында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрінің 100 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті.
Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттары Мәскеудегі «Жеңіс Жүздері» деп аталатын жалпыхалықтық тарихи қорға салтанатты түрде табысталды. Бұл цифрлық қорда миллиондаған жауынгер туралы мәліметтер сақталған. Мұрағаттық ақпарат арнайы сұраныс бойынша берілсе, бұл мұражайда мультимедиялық мәліметтер интерактивті түрде қолжетімді.
Данияр Жүсіпбек, РФ Қарулы Күштері жалпы әскери академиясының адъюнкті, полковник:
- Жауынгерлік жолы қазіргі жас курсанттарға, қатардағы офицерлерге өте үлгілі, өте мол тарихи үлгі. Атамыздың жауынгерлік жолдары, жеңіске жеткен жолдары туралы мәліметтің тәрбиелік жағы да зор.
Салтанатты шараға екі елдің әскерилері, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен әскери атташе аппаратының қызметкерлері және Ресейде оқып жатқан қазақстандық курсанттар қатысты.
Жанат Мұхамет, РФ Қорғаныс министрлігі әскери университетінің курсанты:
- Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың атындағы Жас ұлан мектебінің түлегімін, сол кісінің атындағы әскери институттың түлегімін. Осындай мерекеде атамыздың ерліктерін ұлықтап, ғұмырын ұлықтап, осылай еске алып жатқаны бізге әрқашан көңілге арқау болып отыр. Сонымен қатар біздің алдыңғы буын офицерлер және артқы буын курсанттар бүгін атамыздың елеулі 100 жылдығында гүл шоқтарын қойып, сабақтар жүргізіліп жатыр.
Жеңіс мұражайындағы «Берлинге шабуыл» диорамасынан Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне қойылған қола бюстті, батыр портретін және фотосуреттерін көруге болады. Бұл экспонаттарды Қазақстан 2017 жылы осы мұражайға сыйға тартқан болатын.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.