Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының 76%-і ескірген
Шаруалардың қолындағы техника тозып барады, деп хабарлайды 24KZ.
Машина-трактор паркінің 76%-і ескірген. Ал жеңілдікпен берілетін лизинг барлығына бірдей жетпейді.
Былтыр жаңа техника алуға ниет білдірген 4000 адамның өтініші қараусыз қалған. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту жұмыстарының баяу жүруі саланың да дамуын тежейді.
Қуандық Танабас, тілші:
- Мақсат Әбдірахманов шаруа қожалығын 2014 жылы құрды. Бастапқыда 6 гектар жер игерген. Қазір 230 гектарға соя, қант қызылшасын егеді. 2018 жылы алғаш рет лизингке трактор алды. Содан бері 10 техниканы мемлекет қолдауымен жаңартты.
Мақсат Әбдірахманов, шаруа қожалығының басшысы:
- Пәленбай миллион төлегенше кредит арқылы алам, 15%-ін төлеймін. Оның 25% субсидиясын мемлекет қайтарып береді бізге. Кәдімгідей көмек қой. Артық ақшаға жер алып, жұмысшылардың ашқасы бар дегендей. Үкіметтің арқасында 10 техника алып, соның арқасында өсіп-өніп жатырмыз. Техниканың арқасында ғой.
Мемлекет қолдауымен кәсіпкердің шаруасы ширап, жұмысы алға басты. Су жаңа техниканың арқасында өнім көлемі де ұлғайды дейді диқандар.
Олжас Мұхамедсадықов, шаруа қожалығының жұмысшысы:
- Ойланбай, қиналмай тартады. 11 сағатта 20 га жер айдалды. Тамаша, кондиционер, нанотехнология ғой почти. Екі «Беларусьтің» жұмысын осы трактор атқарып тұр қазіргі заманда.
Дегенмен, елдегі ауылшаруашылық технопаркін жаңарту жұмыстары баяу жүруде. Айталық, Қазақстанда қазір 150 мыңға жуық трактор, 38 мың комбайн, 5 мың тұқым себу кешені, 200 мыңнан астам топырақ өңдеу машиналары бар. Шаруалар ілдебайлап қолданып жүрген осы техниканың 76%-і ескірген. Ал машина паркін жаңартуға түскен өтініштердің барлығын қанағаттандыру мүмкін болмай тұр.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы:
- Өтініш көп. Оны ашығын айтайық, қаражат жетпей жатыр. Аыл шаруашылығы фермерлерінің мәліметі бойынша қаражаттың жетіспеулігінен 4 мың өтініш қараусыз қалды. Биыл министрлікпен біраз шаралар жасалынып жатыр. 100 млрд теңгеге Ұлттық экономика министрлігімен келісім бар. Республикалық бюджетті анықтау кезеңінде ақша бөлінеді деп күтілудеміз.
«Бағдарламаға қатысқан шаруалардан тракторға сұраныс жоғары, әсіресе, отандық техникаға тапсырыс көп», - дейді мамандар. Қазақстандық өндірушілер өз тарапынан сұранысты қауқарынша өтеуге тырысуда. Мәселен, 2022 жылы елде 3911 трактор шығарылса, былтыр бұл сан 30%-ке артып, отандық компаниялар 5111 трактор жасаған. Техникалардың барлығы шаруаларға ең қолайлы шарттармен беріледі.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы:
- Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігімен 20 млрд теңгеге жеңілдетілген лизинг бағдарламасы «ҚазАгроҚаржы» арқылы жүзеге асырылды. 3500 техника 1500 шаруаға жеңілдікпен берілді. Ол жердегі негізгі шарттары 6%, он жылға, алғашқы жарнасыз. Ол өте қолайлы шарттар біздің шаруаларға.
Жеңілдікпен техника алғысы келетін шаруалар үшін «Қазақстанда жасалған», «Жасыл өнім», «Өз азығы», «Жеңілдікті лизинг» деп аталатын лизингтік бағдарламалар бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш қаржылық жобалар арқылы жыл сайын машина паркінің 8-10%-ін жаңартуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Қуандық Танабас