Таразда 500-ден астам өрт гидранты жарамсыз күйде тұр
Таразда өрт гидранттарының төрттен бірі жарамсыз күйде тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Бір жағдай бола қалса, оның 500-інен су алу қиын. Кейбірі бұзылған.
Жартысына жуығы жол жөндеу жұмыстары кезінде бітеліп, не орнынан жылжып кеткен. Ал ел көп жүретін базарларда гидрант деген атымен жоқ.
Блиц:
- Пожарные рукава жалғау үшін доступ жоқ бізде, біріншіден. Екіншіден, мынау көтеріліп тұру керек. Мына шетіне тіреліп қалады, бұрағанға келмейді. Өте ыңғайсыз. Негізі осылай тұру керек қой. Жерден шығып бұраған кезде осылай бұралу керек.
Соңғы жылдары қала көшелері жаңарып инфрақұрылым жақсарғанымен, өрт қауіпсіздігіне мән берілмей тұр. Себебі жол салған құрылыс компаниялары гидрантарды бітеп, не орнын ауыстырып жіберген. Мәселен қала аумағында 2250 өрт қауіпсіздігі құралдары болса, оның 529-ы жарамсыз.
Ербол Әміров, Тараз қалалық ТЖБ бастығы:
- Бұл гидранттар пайдалануға берілген кезде штоктары жылжып кетеді, жаңағы люктары жоқ болып, алып кетеді. Қоқыстарға толып кетеді. Біздің тарапымыздан жиналыста да қаралады. Жалпы ақпараттық хаттар да жолданады. Бірақ бұл жұмыстар кішкене баяу жүргізілуде.
Мерей Бает, тілші:
- Шаһардағы базарларда ТЖ талаптары мүлдем сақталмаған деуге болады. Мәселен біз тұрған аумақта 5 базар болса, оның тек біреуінде ғана су гидранттары бар. Ал мына «Омар ата» деп аталатын сауда орнында осыдан 2 ай бұрын өрт болған. Жалын 350 шаршы метр аумақты жалмап кетті. ТЖД мамандары жақын аралықта су болмаған себепті жалынмен 5 сағат бойы арпалысқан.
Төтеншеліктер халық көп шоғырланған әлеуметтік нысандарда су құрылғылары міндетті түрде болу керек дейді. Бірақ оған құлақ асып жатқан кәсіпкерлер шамалы. Базар басшылары гидрантты әкімдік орнатсын десе, қала билігі бұл кәсіпкердің тікелей жауапкершілігі, деп мәлімдеді.
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Өздері жүргізу қажет. Мынау орталық магистральды желілерден сервистік желілерді тарту, оның ішінде меншік нысаны, яғни, жеке нысан болғаннан кейін оның өзінің ішінде жүргізілетін жұмыстарының бәрі сол меншік иесі есебінен қамтылу керек.
Ал қаладағы жарамсыз 529 гидранттың мәселесі биыл толықтай шешіледі. Су құрылғыларының жаңасын сатып алу үшін әкімдік 35 млн 845 мың теңге бөлген. Енді оларды орнату үшін қосымша 17 миллион теңге қарастырып отыр. «Бұл жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталады», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә