Атырау өңірінде су деңгейі төмендеп келеді. LIVE
Атырау өңірінде су деңгейі төмендеп келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Бөгет бойындағы кезекшілік жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Атырау халқын әбіргерге салған Жайық өзенінің деңгейі қазір біртіндеп төмендеп келеді. Бүгін су деңгейі көтерілген жоқ. Осыдан екі күн бұрын 6 метр боп тұр еді. Әлі де сол күйінде. Бұл енді қауіп сейілді деген сөз емес. Қауіпті аймақтарда әлі де тәулік бойы кезекшілік жалғасуда. Кеше қала іргесіндегі Дамбы ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылындағы су тазарту станциясы жұмысын уақытша тоқтатты. Өйткені көп мөлшерде келген судың кесірінен су сору қондырғысы істен шыққан. Қазір Дамбы, Қызылбалық, Жаңаталап және Құрманғазы ауылдарына су беру қалалық коллектор арқылы жүзеге асып отыр. Бұл су қысымының төмендеуіне әкеледі. Су тазарту станциясы маусым айының ортасына қарай іске қосылады деген болжам бар. Өздеріңіз білесіздер, қазір Индер, Махамбет аудандары мен Орал қаласына қатынайтын жолаушылар Атырау-Астрахань республикалық жолымен өтіп, Хамит Ерғалиев және Таңдай тас жолы арқылы жүріп жатыр. Кеше осы жолды су басып жатыр деген ақпарат тарады. Дегенмен, жауаптылар қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Су басқан Атырау-Орал, Атырау-Индер жолының қашан қалыпқа келетіні әзірге белгісіз. Жалпы өңірдегі ахуал тұрақты.