Биыл елімізде 59 адам өндірістік жарақаттан қаза тапты
Биыл елдегі кәсіпорындарда өндірістік жарақат салдарынан 59 адам көз жұмды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы айтты, деп хабарлайды 24kz.
Тағы 400-ден астам адам зардап шеккен. Өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті тұжырымдама әзірленді. Оның аясында қандай шаралар қабылданады?
Оралдағы әк зауытында болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, кәсіпорында тасымалдаушы болып жұмыс істеген 51 жастағы ер адамды автоматты қондырғы басып қалды. Ауыр жарақат салдарынан жұмысшы сол жерде көз жұмды. Зауыттағы еңбек қауіпсіздігі шараларын арнайы комиссия да тексеріп жатыр.
Аслан Лұқпанов, БҚО Еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
- Комиссия өз жұмысын 10 жұмыс күні ішінде жүргізеді. Алайда жұмысты аяқтай алмау себептері болған жағдайда 2 рет 10 күннен ұзартуға құқықтары бар. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша өліммен аяқталған жағдайларда ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 500-ге жуық адам өндірістік жарақат алған. Оның 59-ы көз жұмды. Жантүршігерлік статистика былтырғымен салыстырғанда 31%-ке ұлғайған. Мамандар кәсіпорындардан тағы 3 мыңнан астам заңбұзушылық анықтады. Оларға қатысты 1800-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылып, 37 қылмыстық іс қозғалды.
Еңбек даулары
Өндірістік жарақат – 496 адам
Көз жұмды – 59 адам
2023 жылғыдан 31% көп
3199 заңбұзушылық
1780 әкімшілік хаттама
37 қылмыстық іс
Сарапшылар мұндай еңбек дауларын кәсіпорындарда ұдайы бақылаудың болмауымен байланыстырып отыр.
Андрей Лукин, құқық қорғаушы:
- Бұрын әр кәсіпорында 2 инспектордан болды. Біреуі еңбек, ал екіншісі төтенше жағдайлар инспекторы. Олар қауіпті учаскелерді үнемі бақылап жүретін. Сол жұмыс жүйесіне оралу қажет. Еңбек инспекциялары мен төтенше жағдай департаменттерінің рөлін арттыру маңызды. Әйтпесе, министрліктен тиісті ұйғарым өңірдегі қарапайым қызметкерге жеткенше мәнін жоғалтады.
Министрлік 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қолданысқа енгізді. Оның аясында әр кәсіпорынның цифрлық картасы әзірленеді. Ортақ жүйе арқылы мамандар өндіріс ошақтарындағы еңбек талаптарының сақталуын қашықтан тексермек.
Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы:
- Әр өлшеу жасаған кезде әр жұмысшының орны міндетті түрде суретке түсіп, біздің министрліктің жүйесіне түсу керек. Сондықтан олардың барлығы бір жерге жиналады. Оған тек аттестациялаудың мәселесі ғана жиналмайды, бүкіл мәселе сол жерге жиналады да, бір жерден бәрі зертеліп, солар бойынша шаралар қолданылады.
Ал өңірлердегі еңбек инспекторлары орталық органға топтастырылады. «Бұл да жұмыс тәртібін оңтайландыруға ықпал етеді», - дейді мамандар.
Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы:
- 2013 жылы инспекторларды орталықтан жергілікті органға бергенбіз. Енді 11 жылдан кейін сол инспекторларды қайтадан қайтарайын деп жатырмыз. Үкіметтің қолдауын тапты. Өткен жетіде республикалық бюджеттік комиссиядан өттік. Оң шешімі табылды.
Сонымен қатар еңбек инспекторлары енді өндіріс орындарына ескертусіз-ақ кіре алуы мүмкін. Министрлік заңға осындай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев