Ақтауда зейнеткерлер гид қызметін атқарады
Ақтауда «Күміс жас» жобасы аясында жедел курс оқыған 30 зейнеткер сертификат алды, деп хабарлайды 24kz.
Енді олар Маңғыстаудың туристік орындарына саяхаттап келушілерге, гид экскурсовод ретінде қызмет көрсетеді. Егде жастағы азаматтар 3 айлық дәріс кезінде өңірдің киелі жерлерімен танысып, көпшілік алдында сөйлеуді үйренді. Компьютермен жұмыс жасауға дағдыланып, ағылшын тілінде күнделікті айтылатын сөз тіркестерін жаттады. Курс бітірген зейнеткерлердің ең жасы 52-де. Ең үлкені биыл 87 жасқа толады. Бұл жобаға қатысушылар бұрын өнер, медицина және инженерия салаларында еңбек еткен.
Түрікменбай Көкімбаев, медицина саласының ардагері:
- Маңғыстау– ашық аспан асты мұражайы. Осы курста оқып жүргеннен осыған қатынасқандардың бәрін экскурсия орталығына жіберді. Егер сол экскурсовод керек болса, бізді шақырады. Шақырмаса да, біз өзіміз барайық деп тұрмыз. Біз үшін өткізіп жатқан курстары өте жақсы.
Берік Ахметов, жоба үйлестірушісі:
- Енді осы курсты жетілдіреміз. Ауқымдап, оның интеграциясын көбейтеміз. Өзіміздің оқытушы-профессорларымыз құрамынан, біздің білім алушыларымыздан кері байланыс алдық. Ұзақ мерзімді емес, тоқсандық мерзімдегі курсқа жалғастырамыз ба деген ойымыз бар. Қазір бір мамандықтан бастадық, енді қосымша мамандықтар санын талқылаймыз.