Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 369 мектеп салынады
Елімізде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 369 мектеп салынуы тиіс, деп хабарлайды 24kz.
Алматы облысына жұмыс сапары барысында Премьр-министр Олжас Бектенов жоба аясында салынып жатқан Алатау қаласындағы жаңа мектептің құрылысымен танысты. 3 мың шаршы метр аумақта орналасқан оқу ордасы білім беру саласындағы соңғы технологиялармен жабдықталып, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Алматы облысында осы тектес 53 мектеп салынады. Үкімет басшысы құрылыс қарқынын арттыруды, ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандардың сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Ұлан Сұлтанов, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Алматы облысы бойынша жетекшісі:
- Алматы облысында жоспарда 53 мектеп бар. Соның 26-сының құрылысы жоспар бойынша биыл тапсырылуы қарастырылып отыр. Қалған 27 мектеп келесі жылы, 2025 жылы тапсырамыз деген жоспарымыз бар.