«Қыран» арнайы бөлімшесі кез келген жерден штурм жасай алады

Сіз қаржылық мониторинг агенттігіне қарасты арнайы мақсаттағы «Қыран» бөлімшесінің бар екенін білесіз бе?

Олар жыл басынан бері 50-ден астам операцияға қатысып, 100-ге жуық адамды қолға түсірген. Алайда бөлімшенің жасаған ерліктері БАҚ беттеріне жариялана бермейді.

Мерей Қанапия, тілші:

- «Қыран» жауынгерлері кез келген жерден штурм жүргізуге қабілетті. Мейлі ол транспорт болсын, ғимарат болсын әбден машықтанған. Қашып құтылу мүмкін емес. Олар осыған дейінгі өз тапсырмаларын 100 пайызға мүлтіксіз орындап шыққан.

Қаржылық мониторинг агенттігі президентке тікелей бағынатын мемлекеттік орган. Олардың экономикалық және қаржылық тұрғыда заң бұзушылықтардың алдын алатыны белгілі. Ал соның аса қауіпті санатындағыларына арнайы мақсаттағы «Қыран» жауынгерлері жұмылдырылады. Олар әсіресе терроризмді қаржыландыратындар мен қылмыстық топтарды ұстауға жіберіледі.  

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- «Қыран» бөлімшесінің негізгі мақсат міндеттеріне ең бірінші куәгерлерді қорғау. Яғни экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтар аясындағы тергеу орбитасына түскен азаматтарды қорғау, оларды сүйемелдеу, жеткізу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты жүктелген. Азаматтарымыздың барлығы арнайы қызметте. Арнайы атақтары бар. Яғни званиялары бар.   

Бөлімше ел аумағы бойынша тек Астанада бар. Егер басқа қалада қылмыстық оқиға анықталса жедел мобилді топты аттандырады. Олар кез келген уақытта Қазақстанның әр нүктесіне баруға дайын. Жауынгерлер өткен жылы 88 операцияға қатысса, биыл 51 қызметке тартылған. Басым бөлігі өзге өңірлерде тіркелген. Операция нәтижесінде 100-ге жуық адам тұтқындалды.    

ҚР ҚМА арнайы мақсаттағы «Қыран» бөлімшесінің жауынгері:

- Агенттіктің «Қыран» бөлімшесі сандық мөлшеріне қарамай аз адам болса да жағдай жасалған. Арнайы қарулар және арнайы қолданылатын техникамен жабдықталған. Бізде қыз балалар да жұмыс істейді. Жағдай әртүрлі болады. Яғни әйел адамдар кездеседі қылмыс барысында.

«Қыран» жауынгерлерінің 80 пайызы халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Арасында әлем чемпиондары да бар. Олар республикалық арнайы жасақтар арасындағы чемпионаттарда топ жарып, мықтылығымен көзге түсіп жүр.

ҚР ҚМА арнайы мақсаттағы «Қыран» бөлімшесінің жауынгері:

- Біздің бөлімшеге іріктеу өте қатаң түрде өтеді. Яғни үміткерлер физикалық-психологиялық тұрғыда тексеріледі. Медициналық тексерістерден өтеді. Және ең бастысы физикалық тұрғыдан дайындығы тексеріледі.

Жауынгерлерге артылған жүк ауыр, жауапкершілік жоғары. Кішігірім қателік ұзақ уақыт жоспарланған тұтас операцияның шырқын бұзуы мүмкін. Сондықтан жігіттердің әр күні, әр жаттығуы кәсіби деңгейде өтеді.

Мерей Қанапия, Диас Қобыланбаев