Инвесторлар жер қойнауына қатысты деректерді онлайн көре алатын болады

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушыларға арналған бірыңғай платформа жасалып жатыр.

Онда пайдалы қазбалар туралы барлық ақпарат пен геологиялық барлаулардың нәтижесі жарияланып отырады. Бұған дейін бұл деректер қағаз құжаттарда сақталып келген. Сондықтан тиісті ақпаратты алу көп уақытты талап ететін. Ал енді инвесторлар бар деректі онлайн бақылап отыруға мүмкіндік алды.

Қазақстанда Менделеев таблицасындағы барлық элемент бар екені жиі айтылады. Бірақ бұл пайдалы қазбалар қоры сарқылып келеді. Ал соңғы жылдары жаңа кен орындары ашылмаған, – дейді мамандар. Өйткені отандық және шетелдік алпауыттар Қазақстанға келуге ынталы емес. Бұған салада қаражат пен геологиялық ақпараттың жетіспеушілігі себеп. 

Қуаныш Тоғызов, геолог:

- Таңдаған нысанымызды зерттегіміз келсе аймақаралық департаментке бару керек. Сонда отырып барлық ақпаратпен мұқият танысу үшін том-том құжат ақтаруға мәжбүр боламыз. Тіпті картотекамен жұмыс істеу үшін де сонда бару міндет. 

Сала мамандары деректерді алу процессі ұзақ екенін айтады. Олардың айтуынша, қажетті есептерді айлап күтетін кездер болады екен. Сондықтан саланы цифрландырудың маңызы арта түскен. Былтыр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірге елдегі геологиялық барлау нәтижелерін қамтитын электронды платформа жасауға кірісті. 

Владимир Короткевич, ұлттық геологиялық қызметі деректер базасын сүйемелдеу департаментінің директоры:

- Концепция бойынша 2023 жылдан бері геологиялық ақпараттарды цифрлау жүріп жатыр. 4,5 млн дерек бар. Былтыр қағаз, графикалық қосымша, магнит ленталар мен картридждегі 822 мың геологиялық материал цифрлық нұсқаға көшірілді. Биыл миллионнан астам дерек цифрланады. Олардың миллионы қағазда, 100-і графикалық қосымшада, 10 мыңы магниттік лентада, 20 мыңы картриджде сақталған. 

Былтырдан бері геология саласындағы деректердің тек 20 пайызы цифрландырылған. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл процесс көп уақыт талап етеді. Ал барлық жұмысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған. 

Владимир Короткевич, Ұлттық геологиялық қызметінің деректер базасын сүйемелдеу департаменті директоры:

- Алдымен барлық деректі цифрлық форматқа көшіріп алу керек. Содан кейін барып геологиялық жұмыстарды жоспарлауға болады. Қазір белгілі кен орындары сарқылуға жақын. Жаңаларын іздеу керек. Ол үшін базадағы деректер түгел болуы керек. Бұл жұмыс көп уақыт алады. Басқа елдер оған ондаған жылдарын жұмсады. Біз халықаралық тәжірибеге сүйеніп цифрландыру жұмысын жылдамырақ аяқтаймыз. 

Бұл деректер базасы сарапшылар мен инвесторлар үшін ашық болмақ. Сонымен қатар, салаға қызығушылықты арттыру үшін былтыр жер қойнауын пайдалану жөніндегі заң күшіне енді. 

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кен орнында жұмыс істегісі келетін инвесторға баламалы салық түріндегі жеңілдік беріледі. Яғни рент салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы мен үстеме пайдаға салынатын салықтан босатылады. Олардың орнына баламалы алым төлейді. Бұл өзгерістер жаңа салық кодексіне енгізілген. Биыл күшіне енеді.

Осылайша инвесторға жан-жақты жағдай жасау көзделген. Сараптама қорытындысын күту уақыты қысқарған. Қайталама тексерістер алынып тасталды. Мамандар бұл жаңалықтар саланы дамытады деген пікірде.

Серік Селеубайұлы, Сабина Рахымбай