Елордадағы тамақ өнеркәсібі көрмесіне қатысушылар Қазақстан нарығын жоғары бағалады

Қазақстан-Еуропа елдерінің әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік беретін Орталық Азиядағы ең маңызды қақпа.

Елордада өтіп жатқан 24-халықаралық тамақ өнеркәсібі InterFood Astana 2024 көрмесіне қатысушы елдердің агроөкілдері осылай деп мәлімдеді. Олардың сөзінше, агросектор саласында нарыққа қадам Қазақстаннан басталады. Бұл ел арқылы Қытайға өтіп, Азияның өзге аймақтарына жол айқара ашылады. Ал Қазақстан үшін халықаралық нарықтағы ынтымақтастығын кеңейтіп, экономикалық, перспективалық және экологиялық тұрғыда әлем елдерімен байланыс орнатуына мүмкіндік мол, дейді сарапшылар. Ауқымды халықаралық шараға Еуроодаққа мүше Италия, Германия, Венгрия, Болгария, Литва, Чехия және Беларусь, Қытай, Молдова, Ресей, Сингапур, Түркіменстан елдерінен 80-нен астам агрокомпания қатысып жатыр.

Джованни Мисанелли, Италиядағы алма өндіру компаниясының директоры:

- Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестерімізбен кездесу мен үшін үлкен құрмет. Бұл ел дәмі тіл үйіретін алманың Отаны. Мұнда өсірілетін жеміс-жидек өнімдерін біз де өндіреміз. Бұл көрмеге Италияның ерекше сортты алмаларын алып келдік. Біздің қауымдастық осыдан 25 жыл бұрын құрылды. Қазір жеміс-жидек өнімдерін Солтүстік Америка, Азия елдеріне экспорттаймыз. Осы көрме арқылы біз нарық алаңын кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастығымызды нығайта түсеміз деп ойлаймын.