Батыр балалар: биыл 6 жеткіншек ерлік көрсетті
1 маусым – Балаларды қорғау күні. Ал біздің елде балалар өзгелерді қорғап жүр.
Иә, былтыр 17 бала қауіпті жағдайда қалған жандарды құтқарса, биыл 6 жеткіншек ерлік көрсеткен
Мамыр айының басында атыраулық 14 жастағы Айдын өртке оранған үйден 3 адамды құтқарып қалды. Ол құлыптаулы пәтердің есігін бұзып, 8 жасар баланы алып шыққан. Жанындағы пәтердегі 2 зейнеткерді де аман алып қалды.
Айдын Мұрат, оқушы:
- Баланың айғайлағанын естіп, көмектесуге бардым. Баланы сыртынан анасы кілттеп кеткен. Есікті тартқыштап жатты, «мама ашшы, мама ашшы» деп. Сосын мен есікті сындыруға кірістім. Менің қолымда темір де, дым да жоқ. Қолмен соқтым, аяқпен соқтым. Сонымен соғып жатқанда жардың шетінде қыры сынып кетеді. Сол жерден үйге тесік пайда болды. Сол жерден бала демалып тұрды. Қорыққан жоқпын. Менің басты ойым ол баланы шығарып алу болды.
Ал қостанайлық Рамиль, Матвей, Иван есімді 3 жеткіншек өрт шыққан үйден ұйықтап жатқан үй иесін құтқарды. Сабақтан келе жатып, шатырдан шыққан түтінді көрген олар сол үйде атаның тұратынын білген. Ұйықтап жатқан қарияны оятып, сыртқа алып шыққан.
Рамиль Соловей, оқушы:
- Үйге кіріп, ұйықтап жатқаны атаны сыртқа шығардық. Біз өртті көре салып, бірден өрт сөндірушілерге хабарласқан едік. Олар лезде жетіп, өртті тез арада ауыздықтады. Бұл істі батырлық дей алмаймын, кез келген адам көмекке ұмтылар еді.
Мұның бәрі – тек мамыр айында болған оқиғалар. Күні кеше ғана елордада 7-сынып оқушысы Ақан Әкімжанов ерлік жасап, тұрғын үйдің 4-ші қабатының балконында ілініп тұрған баланы өлімнен арашалап қалды. Ал 11-сынып оқушысы Марлен Көшербай арыққа ағып бара жатқан баланы аман алып шыққан. Бұл – балалардың көзсіз ерлігі.
Жолдас Батырхан, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- Жалпы ерлік қай уақытта туындайды. Қиындық туындаған сәтте. Батырлар қай уақытта болады. Ол біреуді қорғау керек кезінде туындайды. Ендеше, мен ойлаймын, осындай жағдайды туғызбау үшін қиындықтар болмау керек, қараусыз бала қалмау керек. Сол кезде, менің ойымша, балалар басын қауіпке тікпейді.
Үлкеннің үлгілі ісінен өнеге алған кейінгілер қатер төнгенде көп ойланбай, адам өмірі үшін барын салады. Алайда қиын жағдайда басын бәйгеге тіккендер көп болсын демейміз, тек жүрегінде түгі бар батыл ұрпақ көбейсін.
Авторлары: Зарина Кәп, Қанат Әбілдин.