Іле суы арнасынан асуы мүмкін

Өзен жайылса, елді мекендерге қауіп төнеді. «Қазгидромет» алдағы күндері су деңгейі көтеріледі деп болжап отыр. Бұл жайында су мамандары не дейді?

Іленің деңгейі күрт көтерілді. Кейінгі күндері Қытай жағынан келіп жатқан су көлемі ұлғайды және өңірде жауын-шашын да мол жауып жатыр. «Қазгидромет» өзен арнасынан асса, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төнетінін ескертіп отыр.

Ұлжан Шамшадинова, «Қазгидромет» РМК гидрологиялық болжамдар басқармасының І санатты инженер-гидрологы:

- Іле өзені, Қапшағай су электр станциясынан 164 шақырым жоғары орналасқан гидрологиялық бекетінде су деңгейі 500 см құрады, су шығыны 603 текше метр секундына. Қауіпті деңгей – 500 см. Гидрологиялық бекеттегі су деңгейі қауіпті деңгейден асты және жоғары ағыстан су келуіне орай одан әрі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.

Яғни, су деңгейі қауіпті межеге жетті. Дегенмен мамандар жағдай бақылауда екенін айтып отыр. «Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», – дейді олар.

Сабырхан Ертаев, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

- Қапшағай су қоймасының көлемі 479-шы белгіде 18 млрд 450 текше метр су жиналады, мысалы. Қазіргі таңда, бүгінгі күнге 18 млрд 350 млн текше метр су бар. Бізде запаста тағы 100 млн текше метр суды қабылдай алуға мүмкіншілігіміз бар.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі таңда төменгі ағысқа су қоймадан 950 текше метр секундқа су жіберіліп жатыр. Осының нәтижесінде су қоймадағы судың деңгейі 3 күнде 70 млн-ға азайды. Сәйкесінше Қапшағай су қоймасының бойында орналасқан Қонаев қаласына еш қауіп төнбейді.

Қапшағайдың мол суды қабылдайтын мүмкіндігі бар. Қазір алдағы күндері келуі мүмкін суға орын қамдап жатыр. Ал «Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенсек, Іленің деңгейі әлі де көтеріледі.

Авторы: Нұрқанат Қанапия.