Пришахтинск саябағындағы құрылыс бір жылға кешікті
Қарағандыдағы Пришахтинск елді мекенінің саябағын абаттандыру жұмыстары бір жылға кешікті, деп хабарлайды 24KZ.
Құрылысқа қалалық бюджеттен 240 миллион теңге бөлінген. Мердігер қоғамдық демалыс орнын былтыр тамыз айында тапсыруы тиіс болған. Бірақ межелі уақытта үлгермеген. Саябақ қашан тапсырылады?
Кезінде қаңырап бос тұрған саябақ былтыр қалпына келтіре бастады. Бұған дейін мұндағы үйілген күл-қоқыстан аяқ баса алмайтынбыз, – дейді тұрғындар.
Анна Приз, қала тұрғыны:
- Біз мұнда 1998 жылдан бері тұрамыз. Сол кезде саябақ қараусыз еді. Балаларды бұл маңға жібермейтінбіз. Себебі іші күл-қоқысқа толы болатын. Үйсіз-күйсіз адамдар да көп жүретін.
Тұрғындар абаттандыру жұмыстарының тез арада біткенін қалайды. Балалар да мұндағы әр өзгерісті қызықтап жиі келеді. Қазір саябақта футбол, баскетбол және ойын алаңы салынып біткен.
Толынай Бекбауова, қала тұрғыны:
- Бұл жерде енді балалар алаңы болғанын қалаймыз. Кішкентай балаларға ана жақта бар. Бірақ ол аз сияқты, менің ойымша. Тренажерлар қойса үлкен кісілерге арналған, серуендейтін жерлері болса, тезірек бітсе жақсы болушы еді. Біз келіп жүрміз. Пришахтинскте баратын жер көп емес негізі.
Аумағы 10 гектар болатын саябақтағы жұмыстар былтыр тамыз айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер нысанды белгіленген уақытта тапсырып үлгермеді.
Талғат Байтохин, қалалық мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының басшысы:
- Кейбір жұмыстарын қыс айында суық түскен соң істей алмады. Сондықтан ол кепіл хатын жазып, осы жұмыстарды көктемде бастады. Осы бір айдың ішінде мердігер: «жұмыстарды толық бітіремін», – деп уәде беріп отыр. Сотпен іс болды. Біз сотқа бергенбіз. Бірақ заң бойынша жұмысты тоқтатпады ғой. Сондықтан ол жұмыс істеп жатыр.
Қазір жұмыстың шамамен 80%-і аяқталды. Дегенмен тексерулер кезінде бірқатар кемшілік анықталған.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Мердігер өткен жылы істелген жұмыстар барысында да кеткен олқылықтарды түзетіп жатыр. Мәселен, мына 150 шаршы метр аумаққа төселген кесек тастар қыстан кейін көтеріліп кеткен. Енді оны түгел жаңалайды.
Жұмыстың тиянақты орындалуын жергілікті мәслихат депутаттары да назарға алған. Келешекте бұл жер тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс. Мұнда арнайы әкімшілік жұмыс істейді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.