2023 жылы 1900-ге жуық алаяқ жазаға тартылды
Былтыр 44 мың қазақстандық алаяқтардың арбауына түсіп, 140 млрд теңгесінен айырылған.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде айтылды. Көбіне алаяқтар фишинг, брашинг, дипфейк тәсілдерін қолдана отырып, азаматтарды қаржы пирамидалары мен жалған инвестициялық жобаларға тартады. Былтыр Ішкі істер министрлігі жанынан киберпол бөлімшелері ашылған еді. Осылайша, 3 800 қылмыстың беті ашылып, зардап шеккендердің 850 млн теңгесі өндірілді. 1891 адам қылмыстық жауапқа тартылды.
Жалпы соңғы екі жылда 9 мыңға жуық алаяққа қылмыстық жаза тағайындалып, 24 млрд теңгенің залалы өндірілді. Бас прокурор қазақстандықтарды күмәнді хабарламаларды алдымен тексеріп, алаяқтардан сақтануға шақырды.