Жайық өзенінің табаны тереңдетіліп жатыр
Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерін тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір өзен арнасының 2,5 шақырымы 1,5 метр тереңдікке дейін қазылған. Ал ені 20 метрге жетеді. Жайықтан бөлініп шығатын каналдардың да түбі тереңдетілді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Жайық суының Каспий теңізіне кедергісіз жетуі үшін өзен түбін тереңдету маңызды. Қазір соның арқасында елді мекендерге қауіп сейіліп, өзен өз арнасымен ағып жатыр. Мына тұрған техникалар төтенше жағдай басталғалы тоқтаған емес. Күніне 100 метр жерді тереңдетеді.
Дидар Әліпов, жоба етекшісі:
- Земснарядымыз қиын жерге бара алады. Самоходный ғой енді. Басқа техника бара алмайтын жерге, экскаватор бара алмайтын жерге біздің земснарядтарымыз барады. Сол жерде керек жұмыстарын жасайды. Түп тереңдету болсын, дамбы салу болсын. Балықшылардың кемелері кіріп-шығуына жұмыстар әрі қарай жалғасуы керек. Тағы бір қосарым, мұндай жұмыстарды жыл сайын өткізу керек.
Тасқын сумен бірге қазір Жайық бойымен теңізге қарай томарлар да ағып келіп жатыр. «Аралдарда қалған қоқыс тазаланады», - дейді жауаптылар.
Талғат Бисен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл – тасқын сумен ағып келген ағаштар. Бұлар айтып өткенімдей, арал болып қалған теңіз суының қайтуына байланысты. Сол жерлерге тұрып қалған ағаштар. Бұл ағаштар өздігімен жиналатын болады. Барлығы жинастырылып, тазаланатын болады.
Қазір Жайық өзенінің теңізге құяр жерінен бөлек, өзеннен бөлініп шығатын өзге арналар да тереңдетіліп жатыр. Қазір 4 өзектің бойы қазылған.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Біз қазір Жайық суын Каспий теңізіне жіберетін негізгі арналардың бірі – алтыншы өзектің бойындамыз. Ұзындығы 3,5 шақырым болатын бұл арна 1,5 метрге дейін тереңдетілген. Қазір соның арқасында өр суы Каспий теңізіне кедергісіз ағып жатыр.
Жайық өзенін тереңдету балықшылар үшін де қолайлы. Кеме қатынасы өз алдына, теңіздегі бағалы бекіре тұқымдастарымен қоса қарагөз, сазан балықтарының өрісі кеңейеді. Балықшылар да олжалы болмақ.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин