Сарапшылар: Елімізде ата-аналардың 40%-і балаларымен дұрыс уақыт өткізбейді

Елде ата-аналардың шамамен 40%-інің әр күнін балаларымен бірге мәнді өткізуге мұршасы бола бермейді. Қоғамдық даму институтының сарапшылары осындай пікірде, деп хабарлайды 24kz.

Айтуларынша, көбі үй мен түздегі шаруалардан бас көтере алмайды. Алайда бұл жағдай бала тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін.

Алдыңғы буын бала тәрбиесіне қарапайым қағиданы қолданды. «Ол оқу үлгерімі мен тәртібіне қойылған талап», - дейді сарапшылар. Ал, жасөспірімдердің өзге қарым-қабілеті мен ой-пікірі ескеріле қоймаған. Бірақ қазір ата-аналардың көзқарасы басқаша.

Сауалнама

- Біз әкеден қорқатын едік қой. Мамамызға жүгіретін едік. Қазір жоқ, екі жақ та мықты қарау керек қой. Әйелім ұрысса, мен жұмсақ екенімді көрсетемін. Ал мен ұрыссам, әйелім жұмсақ екенін көрсетеді.

- Оның тілін табу керек арнайы. Ол өте ерке болып өсіп келе жатыр. Сол үшін көбінесе соның ығына жығылатын кездер көп болады бізде.

-Мен баламмен құрбы сияқты сөйлесуге тырысамын.  Маған сеніп, ойын ашық айта алады.

Мамандар жүргізген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, елде тәрбиенің авторитарлық және демократиялық үлгісі қолданылады. Кейінгі жылдары соның екіншісі басты орынға шыққан.

Әйгерім Әшімова, Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы:

- Ата-ана мен балалар арасында өзіндік диалог пайда болды. Ересектер жасөспірімдердің пікіріне құлақ асады. Тіпті киімді де солардың таңдауымен алып береді. Ал бұрын балаларда ондай таңдау мүлде болмаған. Қазіргі жаһандық даму мен цифрлық технология осылай әсер етіп жатыр.

Зерттеушілердің пікірінше, балалардың жеке ойын ескеруден бөлек, оларға күн сайын көңіл бөлу маңызды. Алайда көбіне ата-ананың уақыты бола бермейді. Осы аралықта бала гаджеттерге үңіліп, санасын интернет иемдене бастайды.

Әйгерім Әшімова, Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы:

- Әдетте әкелер күні бойы жұмыста болып, бала анасының ғана қасында болады. Анасы үй шаруасымен де айналысады. Ал кейбір отбасыларда ата-ананың екеуі де жұмыста болады. Өйткені қаржылық ахуалды жақсарту қажеттігі туындайды. Соның әсерінен мансап маңызды рөлге ие болып кетеді.

Мамандар ата-аналарға балалар үшін көбірек бос уақыт табуды ұсынады. Олармен бірге мұражай мен жәрмеңкелерге, кинотеатр мен жарыстарға жиі баруға кеңес береді. «Сонда ғана балалар ұлттық және отбасылық құндылықтарды жете сезініп өседі», - дейді олар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Әбділахат