ШҚО-дағы туризмді дамытуға 12 млрд теңге бөлінді

Шығыс Қазақстан облысындағы туризм саласын дамытуға ден қойылды, деп хабарлайды 24kz.

Шығыстың тұмса табиғаты әлемді тәнті ете алады. Мұзтауы мен Марқакөлі, Берелі мен Рахман бұлағы бар өлкенің туристік әлеуеті мықты. Тек соны тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымды түбегейлі жаңартқан абзал.

Өскеменде өткен Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысында осы мәселе сөз болды. Былтыр облысқа 370 мың турист келген. 12 миллиард теңге инвестиция бөлінді. Биыл туристік орындарға апаратын 120 шақырым жол жөнделмек. Қатонқарағайда әуежай салу да жоспарланған. Сенат депутаттары болса, «туризмді түрлендіріп, дамытудағы әр кедергінің себебін анықтап, тиісті ұсынымдар жасауға әзірміз», дейді. Әсіресе, қызмет көрсету сапасына қатысты мәселеге ерекше ден қоймақ.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы:

- Жолдардың сапасы, қызмет көрсету сапасы ойдағыдай болмай жатқаны рас. Соның бірі – жол бойында дәретханалардың да, асханалардың да көңілден шыға бермейді. Осы мәселелерді реттеу, жүйелеу дұрыстап, шешу мәселелері біздің назарымызда болады.