«Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай оқушыларға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Шараға еліміздің барлық өңірінен 81 бала, соның ішінде су басқан аймақтардан келген оқушылар қатысты. Бұл жасөспірімдер – оқуда озат атанғандар, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Экскурсия барысында балалар резиденцияның орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар және түрлі жиындар өткізуге арналған залдарын тамашалады. Сонымен қатар Ақорда аумағындағы бақты аралап көрді. Бұдан бөлек, балалар Қазақстан Президентінің жұмыс тәртібімен танысып, еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректерден хабардар болды. Шара соңында жасөспірімдерге Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Кэтрин Майер, оқушы:

- Мен мемлекеттік тілге 7 қадам жобасына қатысып, 7 ай бойы барлық қадамды нәтижелі орындап, осы Астанаға экскурсияға бардым. Осы жылы «Жарқын болашақ» жобасына қатысып, осы әнші бұлбұлдар номинациясында үшінші орын алдым облыста. Бүгінгі экскурсия мен үшін өте керемет өтті, тамаша деңгейде. Маған барлығы ұнады. Маған барлық залдар ұнады. Бірақ ең ерекшесі – «Шығыс» залы.